«Таза орта – сапалы өмір»: тазалыққа үндейтін тағылымды кездесу
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласындағы «Campit» жазғы лагерінде «Таза орта – сапалы өмір» атты тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған кездесуге оқушылар, жастар және экология саласының мамандары қатысты.
Кездесу аясында қатысушыларға экологиялық мәдениет, табиғатты қорғаудың маңызы, қоршаған ортаның тазалығы мен тұрақты даму қағидаттары жөнінде танымдық дәрістер ұйымдастырылды. Сонымен қатар ашық пікір алмасу алаңында оқушылар өз ойларын ортаға салып, қазіргі экологиялық мәселелер төңірегінде еркін пікір білдіруге мүмкіндік алды.
Облыстық «Жасыл ел» штабы төрағасының орынбасары Артур Азиев мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды.
– Бүгінгі іс-шара – оқушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қоршаған ортаны қорғау – тек табиғатқа деген қамқорлық қана емес, ол қоғамның саналы дамуының көрсеткіші. Осындай бастамалар арқылы жастардың белсенді азаматтық ұстанымы қалыптасып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеясын іске асыруға нақты үлес қосамыз деп сенемін, – деді ол.
Экология саласы бойынша PhD докторант Гүлзат Серікқызы өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің маңызын атап өтті:
– «Таза орта – сапалы өмір» сияқты тәрбиелік іс-шаралар оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Табиғатты қорғау тек сенбілікке қатысумен шектелмеуі керек. Ол әр адамның күнделікті өмір салтының, азаматтық жауапкершілігінің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана нақты нәтиже береді. Осындай кездесулер жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарап, оны аялаудың маңызын терең түсінуіне ықпал етеді».
Іс-шара барысында оқушылар қоршаған ортаны қорғауға қатысты өз ұсыныстарын айтып, табиғатты сақтау жолындағы бастамаларға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.