Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау маңызды.
Өңірде өрттің қауіпті кезеңінің басталуымен орман және далалық алқаптардың өртенуі жиілеп кеткен. Осыған орай облыстың Төтенше жағдайлар департаменті «Орман» профилактикалық іс-шарасын өткізді. Шара аясында тілсіз жаудың алдын алу үшін бірлескен мобильді топтар құрылып, рейд жүргізілді.
«Өрттің қауіпті кезеңінде облыс аумағында 5 орман өрті тіркелді. Оның салдарынан 2 гектар орман алқабы жойылды. Сонымен қатар 37 дала алқабы жанды. Бұл өткен жылғының осы кезеңімен салыстырғанда 6% — ға көп.»-деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бастығының орынбасары Нұрхат Қалдыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, облыста орман және дала өрттерімен қатар тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарының жану деректері де жиілеп кеткен. Көп жағдайда тұрғындар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды. Тілсіз жау көбіне темекі тұқылын сөндірмей тастау, ашық алаңда отқа тамақ дайындау, электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан пайда болады. Сондықтан, Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарға өрттің алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды ескертеді.