Мерейлі Мәртөк өңірінің мерекеге тартуы

Алға қаласының 65 жылдық мерейтойына арналған «Өнер керуені» гастрольдік концерті әлі де өз жалғасын табуда. Салтанатты кештің келесі тізгінін ұстаушылар мерейлі Мәртөк ауданының өнерпаздары.

Алға аспанын әнге бөлеп, күйімен күмбірлетіп, қобызымен толғаған, ұлттық дәстүрді ән мен биге ұштастырған, заман толқынының әндерін де жанды, әсем дауыспен орындай білген жастардың қала халқын қуантуға үлкен дайындықпен келгені көңілге ерекше қуаныш сыйлады. Тұрғындар мен қала қонақтары әнді қосылып бірге шырқады. Көңілдері марқайып, көңілді әуеннің күйімен бой жазған аға-апалар шаттана биледі. Мерекелік кешке келген көрермен қошеметін үзбей, алыстан жыр-жауһарын арқаланып келген өнерпаздарға алғысын жаудырып жатты. Кеш жүргізушілері тұрғындардың көңілін одан әрі көтеру мақсатында сұрақ-жауапты ойындар ойнатып, арнайы әкелген сый-сияпаттарын табыстады. Сонымен қоса, «Алға қаласында дәл ертең сапарға шығатын немесе жақын уақытта нақты барамын деп жоспарлаған адам бар ме екен?» — деп кеш жүргізушілері тұрғындардан сұрады. Сол сәтте ақжаулықты апа қолын көтеріп: «Ертең Ташкентке жол жүремін», -деді. Ойлағаны алдынан шыққандай өнерпаздар шаттанып, апаға жол жүргенде ең керек жабдық чемодан сыйлады. Мәре-сәре болған жұрт ду қол қағысты. Қуанышы қойнына сыймаған ақжаулықты апамыз тілегін білдіріп:: «Қаламыздың 65 жылдық мерейтойы құтты болсын! Әрбір күніміз жақсылықтарға толы болсын! Бізге ән-жырын төгіп келіп жатқан қонақтарға көп-көп рақмет! Тамаша әндерімен қуантып жатыр. Сіздерге сәт-сапар тілеймін!»-деді.

«Мәртөк өңірінің өнерпаздары республикалық қана емес халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, ел мәдениетін асқақтатқан, дәстүрге жаңа леп берген, халық биіне рух қосқан ауданының мақтаныштары екен. Олардың қатарында: Серік Жұбатқан, Мұхамеджан Ұзақбаев, Әділбек Мұханов, «ProDANCE» би ансамблі, Әсия Алпысбаева, «Виа Серпер» этно-рок ансамблі және т.б өнер көрсетті.

Мәдениетті бірге жаңғыртып, дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген өнерпаздарға, достық ықыласын білдіріп, ел қуанышын өз қуанышындай көріп бөліскен Мәртөк өңірінің талантты тұлғаларына шын жүректен алғыс білдіреміз.  Өнерлеріңіз шарықтап, биік белестерден көріне беріңіздер!

   Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ