10 тамыз — Абай күні
Даналыққа бастар сара жол ізімен
Абайдай ақыны болған біздің халық бақытты деп есептеймін. Себебі өзі кетсе де, артынан мәңгі өшпейтін, адам баласын жарыққа сүйрейтін, надандықтан алыстататын сара жолы қалды. Әрқайсымыздың ішкі әлемімізде өз Абайымыз бар десек еш қателеспейміз. Өмірдегі сан алуан жағдайларға тап болған кезде адам осы ұлы кемеңгер тұлғаның өсиеттері мен нақылдарына арнайы тоқталса, бір шешімі табылып, бой түзейтініне ешкім күмән келтірмес. Газетіміздің бүгінгі санында Абай Құнанбайұлының тәрбиелік мәні зор, терең философияға құрылған қара сөздерін сөз етпекпіз.
Абайдың бірінші қара сөзі мазмұны жағынан қалған сөздерге алғысөз, кіріспе ретінде жазылған. Ұлы ақын орта жасқа келгенде өз өмірін жақсы өткізді ме, жаман өткізді ме деген сұрақтарға жауап іздей бастайды. Ол жер ортасы жасқа келгенде «алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік» дейді. Сөйтіп Абай ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу және бала бағу мәселелеріне ден қойса аса бір өзгерістің болмайтынын дөп басып айтады. Осы аталған ойларға терең үңілсек, ақынның өмірдегі түңілуі емес, адамға, оның мінезіне, өзі өмір сүрген дәуірдегі тар қапасқа айналған қоғамдық болмысқа наразылығын аңғаруға болады. Осы наразылықтан ақын мына тоқтамға келеді:
«Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдік дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Сол уақыттан бастап ұлы данышпан өз ойына келгендерді жазу үшін жанр ойлап табады. Ол – сөз жанры. Философияға тұнып тұрған ақынның қара сөздері қатып қалған ережемен жазылмаған. Еркін айтылған ой сол күйінде оқырманға жол тартқан. Абай атамыздың қара сөздерінде айтылған дүниелердің барлығы дерлік қазіргі біз өмір сүріп жатқан заманда да кездеседі.
Қара сөздерді оқып отырған кезде ақынның өз-өзімен сұхбаттасып отырғанын да байқайсың. Сонымен қатар жаза отырып оқырманға сұрақ қояды. Ол әрқашан өз шығармаларында өзі өмір сүрген замандағы тұрмыс-тіршілік пен қиыншылықтарды жазған. Оны Ұлы ақынның қырық бес қара сөзін түгел оқыған кезде түсініп, байқауға болады.
Мәселен, Абай алтыншы қара сөзінде «Өнер алды-бірлік, ырыс алды-тірлік» деген мақал төңірегінде философиялық ой өрбітеді. Бұл мақалды көбіміз естіп, оқып жүрміз, бірақ оның түпкі мазмұнына мән бермейміз. Абай бірлік қандай елде болмақ деп ашық сауал қояды. Басы бодандыққа түскен, ел болып өзін билемеген халықта қандай бірлік болады, оны қазақтар біле бермейді, олардың ойынша, бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса болғаны. Ақын осында тар түсінікті, тоғышарлықты сынайды. Бұл қара сөзінде ол ортақ дәулетті қанағат тұтпай, әр адам баласы өзінің келешегі үшін ұмтылып, еңбек еткені, мал тапқаны дұрыс деп есептейді. Себебі, ортақ дәулет таусылғанда ыдырайды. Абай Құнанбаев нағыз бірлік – ақыл бірлігі екенін айтады. Мысалы, ақылға салып ел қамын ойлау – нағыз бірлік. Ақын әншейін күнделікті күнін көріп, үйреншікті өмір сүргенді қанағат тұтатындарды қолдамайды. Оны ол тірлік деп есептемейді. Ондай адамдардың өзі тірі болғанымен, кеудесі өлі дейді. Расымен де, адам әдетте үйреніп қалған нәрсесінен де күштірек тірлік жасап, жақсылыққа, болашағын жарқын етуге талпынуы керек. Адал еңбекпен мал таппаған, бір жолда тұрып қалған күнкөріске түскен жолда жігер болмайды:
Кеселді жалқау, қылжықбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас.
Тірлік туралы ақын философиясы таза мал табуға ғана емес, адам бойындағы парасаттылық, ізгілікке бастайды. Ар, намыс, ұжданды сатып еңбек етуді Абай сынға алған. Ит тірліктің ешкімге қажеті жоқ дейді. Сондықтан да «Ырыс алды — тірлік» дегенде, тірлік тек таза, адал еңбекпен жасалуы тиіс дейді. Абай қандай жағдай орын алмасын адам ешқашан бойындағы адамдық қасиеттен алыстамау қажет екендігін осы қара сөзінде жеткізе білген.
Абайдың он бесінші қара сөзінде адам өмір есігін ашқаннан бастап әр нәрсеге қызығатындығын, бір-бірінен дүниедегі істері арқылы дараланатындығын айтқан. Абай айтады: «Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды, сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады». Адам баласы дүниеге қызығып қарамаса, өмірінің мәні де болмайды. Дүниедегі қызықтар адамды алға жетелейді, бойындағы қадір-қасиетін айшықтайды. Қызық дегеннің өзі танымнан басталады. Бала дүниеге келіп айналасын тануға ұмтылады, жасқа келгенде тілі шығып, тәй-тәй басып көрсем, ұстасам, білсем дейді. Әрі қарай ойынға, оқуға қызыға бастайды. Жасы ұлғайғанда сол қызықты іздеген шақтары есіне түсіп бастайды. Міне, осы тұста есті кісі мен есер кісіні ажыратуға болады. Есті кісі өмірінің әрбір сәтін бағалап, әрбір күнін босқа өткізбей, ғұмырын мәнді де сәнді өткізуге тырысады. Ал есер кісі болса, баянсыз істер атқарып, өміріндегі ең қызықты деген сәттерін құнсыздандырып, уақытын бос өткізіп, бақытты сәттерін бағаламай өкінумен болады. Мұндай жандар «жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп, жүріп бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен».
Абай «қызық» деген ұғымды адамның бойындағы қадір-қасиетті және әрекеттерімен байланыстырады. Мысалы, «өмірдің бір қызығы бала деген» нақыл сөзін алсақ. Әрбір ата-ана үшін перзент сүю, оны бағып-қағу, білім беріп, тура жолға тәрбиелеу міндет болып саналады. Балалы болу және оны тәрбиелеу қызық. Жастық шақта орнымен көңіл көтеру, саяхат жасау, білімге ұмтылу да өмірдің бір қызығы. Қызықты өмір сүру үшін Абайдың ойынша талап аздық етеді, оған қоса адамда қайрат болу керек. Бірақ бұл әркімнің қолынан келе бермейді. Демек, есті кісінің талабына қайраты сай болуы қажет. Пенде болған соң адамның қызықпайтын нәрсесі жоқ, кейін ол құмарлыққа, мастыққа ұласып кетуі мүмкін. Яғни, бұл аталған қасиеттер ақылдың көзін байлап, адамды адастырады. Сол себепті де Абай Құнанбайұлы адам өзінен күніне бір, аптасына бір немесе айына бір рет есеп алып отырғаны абзалырақ дейді:
«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында, ең болмағанда айында бір рет өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»
Әрине есер кісінің бұндаймен шаруасы болмайды, тек әрбір өткен күніне мастанып, уақытын құр өткізеді. Ал есті кісі бұл өмірге не үшін келгенін бағамдап, кеше не істедім, ертең не істеймін, кімге пайдам тиді, қай жерде қателік жібердім деп тереңнен ойланып, әрбір қадамын аңдап басады. Жоғарыда айтылғандай өзіне өзі есеп береді, ойын жинақы ұстап, өзі де тиянақты болуға тырысады. Сондықтан да адам өзіне өзі жиі есеп беріп жүруі маңызды. Сонда ғана ойы жинақы, өз өміріне өкпесі жоқ, бақытты жан болады.
Сөзімізді қорытындылай келе Абайдың қара сөздерін уақыт бола қалса тұшынып оқуға кеңес береміз. Өйткені дүниеде болып жатқан құбылыстардың, сұрақтардың жауабын осы қара сөздерден табуға әбден болады. Абай айтқан жолмен жүретін болсақ, қазақ елінің жастары шетінен білімді, дана, ақылды саналы болары сөзсіз.
Марал Жалғасқызы