Алға кешінде көңілді кавер
Жаз мезгілінің мамыражай кештерін ән-күйімен әрлеген «Жазғы әуендер» жобасы аясында 8 тамыз күні Алға ауданына қарасты Бестамақ және Ақай ауылдары өнерпаздарының ұйымдастырумен «Кештің көркі – кавер» атты көңілді концерт өтті.
Ескі әндерге жаңа дем беріп, жанды дауыста ән шырқаған өнерпаздар қала халқының ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді. Ауыл өнерпаздарының өнеріне сүйсінген халықтың көңілінен көктемнің лебіндей қуаныш есіп, жандары жайнап сала берді. Әншілер халықпен бірге ән шырқап, әсем әннің толқынымен билетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ауыл адамдарының жан-дүниесі, шығармашылық әлемі соншалықты бай болатыны рас. Бестамақ пен Ақай ауылдарының өнерпаздары бойындағы сол бір байлығымен бөлісіп, қала халқының көңілін көкке көтергені ерекше сезіліп тұрды. Өнерпаздар қатарындағы Жәнібек Қарынбай, Жұлдыз Кубеева, Амандық Айтмағанбетов, Гүлсана Нұрышова, Райса Карибаева, Гульзира Рахимжанова, Өркен Басыбаев, Айдана Түйешова, Манас Оразалиев, Альмира Жумина және т.б Алға аспанын әнге бөлеп, өнерлерімен тәнті етті. Ұйымдастырушылар тек қана ән-күймен шектелмей, қала халқының көңілін көтеру мақсатында ойындар ойнатып, жасты да, қартты да қуантып арнайы сыйлықтарын табыстады.
Ән әлемімен серпіген ауыл өнерпаздары рухани құндылығымызды да дәріптей келіпті. 10 тамыз – ұлт руханиятының тірегі, ақын Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына арнап шағын көрме мен Абай әлеміне байланысты сұрақтары мен ойындарын, қазақтың ұлттық тағамына толған дастарханын дайындап әкеліпті. Осылайша көрерменмен тығыз қарым-қатынас орнатып, Абай әлемімен сусындатып, халықтың ой көкжиегін кеңейтуге, рухани азық алуға өз үлестерін қосты.
Ерекше кавер стилінде кеш өткізіп, Алға жұртшылығына тамаша әсер сыйлаған Бестамақ және Ақай ауылдары мәдениет үйінің өнерпаздарына деген көңіліміз ризашылыққа толды. Өнер деген ұлы айдында қанаттарыңыз талмай, биік белестерден көріне беріңіздер!
Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ