Қайсар жан үн қосты

Құрылтай сайлауында дауыс бергендер қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, параспортшы, үстел теннисінен жаттықтырушы Айбек Капин бар. Тағдырдың сынына мойымаған жігіт Есет батыр шағын ауданындағы №583 сайлау учаскесінде таңдау жасады.
— Осыдан 1,5 жыл бұрын жол апатына ұшырап, қоларбаға таңылдым. Бірақ өз-өзімді қолға алып, спорттан қол үзгенім жоқ. Әрі мамандығым бойынша дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғандықтан, параүстел теннисінен түрлі деңгейдегі жарыстарға қатыса бастадым. Ел чемпионатының қола медаль, Павлодарда өткен республикалық турнирдің күміс жүлдегерімін. Болашақта алтын медальға қол жеткізіп, одан да биік белесті бағындырғым келеді. Қазіргі таңда «Қуат» спорт кешенінде жаттықтырушы болып еңбек етемін.
Құрылтайдан көп өзгеріс күтемін. Атап айтқанда, қоларбада отырғандарға жағдай жасалса, бізге ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолы, ғимараттарға талапқа сай пандус салынса екен. Сосын жүріп-тұруы қиын параспортшыларға спорттық қоларба берілсе деген тілегім бар. Әйтпесе қазір қолданып жүргеніміз — қарапайым қоларба. Ол үлкен спортқа жарамайды. Сондай-ақ депутаттар мүмкіндігі шектеулі жандардың пойызда ғана емес, ұшақта да жеңілдікпен қатынауын қамтамасыз етсе, жақсы болар еді. Толық демеймін, билеттің жарты құнын өтесе екен. Әйтпесе жарыстарға, ем алуға барғанда әуе билетінің бағасы қалтаңды қатты қағады, ал теміржолмен көп уақытыңды жоғалтып аласың. Қысқасы, жаңадан сайланатын депутаттар арнайы топтағы азаматтарға көңіл бөлетін кез жетті, соны күтеміз, — дейді сайлаушы.
30 жастағы спортшы, қай саяси науқанға болсын, белсене қатысатынын, сол арқылы оң өзгерістердің көп ұзамай орнайтынына сенетінін айтады.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.