Жігер мен жауапкершілік үндестігі

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, пара пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Гүлім Құрманбаева Ақтөбенің №68 мектебіндегі №539 сайлау учаскесінде таңдау жасады.
Спортшының айтуынша, спорттағы жетістікке жеткізетін тәртіп, табандылық пен жауапкершілік қоғам өмірінде де маңызды.

— Спортта нақты мақсат қойып, оған табандылықпен ұмтылу қажет. Ел өмірінде де әр азамат өз жауапкершілігін сезініп, қоғамдық мәселелерден тыс қалмауы тиіс. Мен де бүгін өз таңдауымды жасап, азаматтық борышымды орындадым, — деді Гүлім Құрманбаева.
Гүлім Құрманбаева — ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2020 жылғы Әлем кубогының чемпионы. Ол халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге ие болды. 2021 жылы Дубайда өткен Әлем кубогында күміс, 2022 жылы қола медаль жеңіп алды. Сол жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 2023 жылы Тбилисиде үшінші орын алса, 2025 жылы осы қаладағы Әлем кубогында күміс медаль иеленді.
Биыл тамызда өткен Қазақстан чемпионатында 50 келі салмақта І орын алған спортшы Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азияның пара ойындарына дайындалып жүр.
Гүлім Құрманбаеваның пікірінше, спорттағы жеңіске жетелейтін жігер мен ел алдындағы азаматтық жауапкершілік өзара үндес. Оның белсенді ұстанымы мен еңбекқорлығы жас ұрпаққа үлгі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.