Алға – 65 жыл
Ақтөбенің өрелі өнерпаздары – Алға өңірінде
Алға қаласы – бабалардың ізі қалған, еңбегі сіңген, тарих беттерінде басылып, талай ақындар мен батырларды, жыршы-жырауларды түлеткен құтты мекен. Осындай киелі жердің тарих қойнауын толғатқанына, іргесі бекіп, үлкен шаһар болғанына биыл 65 жыл. 14 тамызда жас қала Алғаның мерейлі мерейтойына және Спорт күніне орай «Өнер керуенінің» жолын үзбей, жыр-маржанын төгіп, тартуын арнаған — Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының өнерлі өнерпаздары болды.
Жақсы ән жанды жадыратады демекші, жақсы әнші де көңілдің құлпын ашып, қоңыр үнімен, бұлбұлдай сазымен жан дүниеңді баурап алатыны да рас. Бұл жолғы мерекелік концерттің тұрпаты бөлек, сыйы басым. Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының әншілері Ақтөбе вокалдық-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Көмейден төгілген, күмістей күмбірлеген әсем дауыстың иелері халықтың ерекше ілтипаты мен ықыласына бөленді. Сыңғырлаған сазды үннің сырына таңданысқан қала жұрты әуезді әуеннің әлеміне еніп, өлеңмен бірге сіңісіп кеткендей болды. Қазақтың біртуар ақындарының да сөзіне жазылған әндер шырқалды. Сонымен қатар, Алға қаласының жергілікті ақыны Асхат Аймағанбетовтың сөзіне жазылған «Сыйласайық» әні де орындалды. Елдің мерейі мен мақтанышы тұтасқан көпшіліктің қошеметінен есіп тұрды. Өнердің майталмандары көңілден көшпейтіні анық, халыққа ерекше әсер сыйлап, кештің шырайын келтірген Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының өнерпаздарына қала жұртының жүрекжарды тілегі де айтылып жатты.
Қала тұрғыны Ақсұлу Абылайқызы:
- Қаламыздың 65 жылдығына арнап апта сайын әдемі мерекелік концерттер өтіп жатыр. Өнерімен сүйсінтіп келген өнерпаздарға үлкен рақмет. Кеш ұнап жатыр, көңіл-күйімізді көтеріп тастады. Осындай өнерлі жастарымыз аман болсын. Мерейтойымыз құтты болсын! Алға қаласы гүлдей жайнай берсін, елдің еңсесі биік болсын!
Алғадан шыққан 16 жасар жыршы қызымыз Еркінбаева Ақжарқын ізгі тілегімен бөлісті:
- Бүгін біздің ауданымызға Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының әншілері келді. Өте қуаныштымыз. Осындай шаралар ұзағынан болып, әрі қарай жалғасын тауып дами берсе деген тілегіміз бар. Аудан мәдениетінің артуына Самғат Артыгалин есімді ағамыз өзінің үлесін қосып, керемет мерекелік кештер өткізіп жатыр. Қаламыздың да сән-салтанаты келісіп, күннен-күнге көркеюде. Елдің қамын жеген осындай азаматтарды көріп, көңілімізді ерекше мақтаныш сезімі билейді.
Сонымен қатар, Ақтөбе қалалық мәдениет сарайы ұжымының концерт жүргізушісі Алға қаласының өнердегі ғана емес, спорт саласында көрсеткен елеулі жеңістерін де атап өтті. «Алға өңірінде жігерлі, қайратты, спортқа бейім жастардың өсіп келе жатқаны, спорттың әр түрінен бақтарын сынап, артындағы буынға үлгі болуы – елдің ертеңі жарқын болатынының белгісі» — деді. Туған жердің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының шығармашылық ұжымынан: Ернар Алтын, Жұлдыз Нұрқасымова, Қуанышбек Қайратұлы, Гүлжайна Бимырза, Қайнар Жекей, Сабина Панабаева, Әкімжан Шәкір, Ұлан Досмұратов, Нұргүл Кенжебек, Ақтілек Көшербаев, Әлия Жұмағалиева, Zhana KZ тобы және т.б. өнер көрсетті. Алға қаласының тамылжыған тамызын әнімен тербеген, қала халқының мерейін тасытып, көңілін байытқан Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының шығармашылық ұжымына алғысымыз шексіз!
Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ