Ретро әндер шырқалған концерт
Қаламызда жаз айының басында бастау алған мәдени-көпшілік шаралар әлі де жалғасын тауып келеді. Бұл шаралардың аудан, қала халқы үшін маңызы зор деп білеміз. Себебі, қала қонақтары мен тұрғындары бос уақыттарын тиімді пайдаланып, өздеріне апта сайын рухани демалыс сыйлап жүр. Орталық саябақ алаңында өткен кезекті мәдени шара тұрғындарға әдемі естеліктер қалдыра білді. Қарақұдық пен Қарабұлақ ауылының өнерпаздары көрермен назарына «Ұмытылмас әндер» атты ретро ән кешін тарту етті.
Сағындырған ескі әндер шырқалған концерт барысында жүргізушілер биыл еліміз үшін маңызды оқиғалардың бірі Жаңа Конституциямыздың күшіне енуімен және сүйікті Алға қаласының 65 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, жиналған халыққа жылы лебіздерін білдірді. Өткеннің керемет сәттеріне саяхат жасалып, концертке қатысушылар өнерпаздармен бірге ән шырқап, би де биледі.
Ән – халықтың жаны, ұлттың рухы. Ал ескі әндер адам жанына қашан да жылулық беріп, жастықтың жарқын шақтарын еске салады. Бұл кеште өткен дәуірдің сырлы әуендері қайта жанданып, жүрек түкпіріндегі сағынышты сезімдерді оятты. Саябаққа жиналған халықты алтын кезеңнің әуезді әуендері әсем естеліктер әлеміне жетеледі. Мерекелік шараны ұйымдастырушылар көрермендерге ойындар ойнатып, уақытты қызықты, ұмытылмастай етіп өткізе білді.
Ретро концертте Қарақұдық пен Қарабұлақ ауылының өнерпаздары Нұраддин Сағынов ескі әндерден поппури, «Айдай» әжелер ансамблі «Шашбаулым» әнін, Данияр Кулжанов, Әділет Қабиболла, Жандәулет Бисенғалиев, Шоқан Нұрболат, Гүлназ Бүркітбаева, Қаламқас, Тоты Наурызбаевалар әсем әндер орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ