Модернизациялау жұмысы қарқын алды

 Бүгінгі таңда аудан аумағында барлығы 113 көппәтерлі тұрғын үй есепте тұр. Оның ішінде: Алға қаласында – 95 үй, Бестамақ ауылында – 18 үй орналасқан.

«Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу тәртібін бекіту туралы» бағдарламасы аясында аудан көлемінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары пәтер иелерінің көпшілік келісімі негізінде жүзеге асырылады.

Бағдарлама аясында тұрғындар өздері қажетті жұмыстар түрін айқындап, жобалау-сметалық құжаттама толық дайындалып, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен келісімшарт жасалады. Тұрғындар жүргізілген жөндеу жұмыстарының құнын жылдық 0,1 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 15 жыл мерзім ішінде төлейтін болады.

2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 32 көппәтерлі тұрғын үй толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Лифт қозғалысы бойынша 2023 жылы Алға қаласындағы 9 қабатты 3 тұрғын үйдің лифт қондырғылары жаңартылып, пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда Алға қаласы бойынша 4 көппәтерлі тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2 көппәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары 2025 жылдан 2026 жылға ауыспалы түрде жоспарланған. Қосымша 1 үйге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын алдағы уақытта бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, қосымша 3 көппәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына бюджеттік өтінім жолданып, қаржыландыру күтілуде.

Аталған бағдарлама аясында тұрғын үйлердің шатырлары ауыстырылып, инженерлік желілері, атап айтқанда кәріз, жылу және су жүйелері жаңартылады. Сонымен бірге электр желілері жөнделіп, кіреберістерге әрлеу жұмыстары жүргізіледі, қасбеттері сырланады.

Осы аталған модернизациялау жұмысы аясында Алға қаласының  көпқабатты тұрғын үйлерін қайта жөндеуден өткізуші «AK-STROY PROJECT»  ЖШС  прорабы Мейрамбек Имашевпен жұмыс барысында жүздесіп, тілдесіп қайттық. «AK-STROY PROJECT»  ЖШС құрылыс саласына келгеніне 7 жылға жуықтаған. Көпқабатты тұрғын үйлерді қайта күрделі жөндеуден өткізу бойынша көптеген елді-мекенде бірқатар жұмыс атқарған. Соның ішінде Хромтау қаласында 2 обьект, Қандыағаш қаласында 1 обьектіні модернизациядан өткізген болса, Алға қаласында 6  көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жасауды қолдарына алған. Қазіргі таңда 3 көпқабатты тұрғын үйді: 4 шағын аудан 3 үй, халық арасында «Пентагон» деп аталады, Есет батыр көшесіндегі 21, 28 үйлерді модернизациядан өткізу жұмысын толық тәмамдаған. Ал Ш.Уәлиханов көшесіндегі 19 А тұрғын үйі мен 4 шағын аудандағы 12 үйді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын аяқтап қалды. Толығырақ тарқататын болсақ, екі тұрғын үйде де жұмыстың 95%-ы орындалып тұр. Ш.Уәлиханов 19 А үйінің ішкі жұмыстары кафельдеу және бояу-сырлау жұмыстары қалды. 10 күн ішінде аталған екі тұрғын үйдің жөндеу жұмысы толық аяқталады деп күтілуде. Мердігер компания әкімшілік белгілеген 4-5 айлық уақыт мерзімінен бұрын, әрбір нысанды ертерек аяқтап тастауға тырысады. 4 шағын аудан 8 үйдің қайта жөндеу құрылысына келсек жұмыс енді басталып жатыр. Осы тұста Мейрамбек Имашевпен 8 үйдің жөндеу жұмыстары жөнінде сөз тарқаттық.

  • Модернизация жұмысының жүргізілуі қанша уақытқа созылады?
  • Өзіміздің жоспар бойынша 8 үйдің модернизациялау жұмысын 3 ай ішінде аяқтап боламыз деген ойдамыз. Барынша үлгеруге тырысып жатырмыз.
  • Жұмысшыларға қандай талап қоясыз?
  • Біріншіден – тәртіп, жұмысқа уақытында келіп, белгіленген мерзімінде аяқтау. Екіншіден, техникалық қауіпсіздікті сақтау, каска мен жилетті міндетті түрде киіп жүру. Әр маманның өзіне сай жұмысы мен жұмыс барысын орындау уақыттары берілген. Сол бойынша мамандар берілген тапсырманы аяқтап беруі тиіс.
  • Модернизацияға қажетті материалдар мен құрал-жабдықтар толық сатып алынды ма? Сапасына қаншалықты мән беріледі?
  • Иә, сатып алынып жатыр. Сапасы өте жоғары, оған күмән келтірмесе де болады. Біз әрбір материалды тұрғындарға және қала әкімшілігіне көрсетіп таныстырамыз. Құрылыс жұмысының еңбегін айқындайтын материалдардың жоғары сапасы мен жұмысшылардың қол еңбегі. Сондықтан «AK-STROY PROJECT» ЖШС сапаға қатты көңіл бөледі.
  • Модернизация аяқталғаннан кейін атқарылған жұмысқа қанша уақыт кепілдік берілген?
  • 2 жылға кепілдік берілген. Алынған обьектілердің жақсы, сапалы шығуын қадағалаймыз. Жұмыс сәтсіз шығып тұрғындарды қайта-қайта мазалағанын қаламаймыз. Ұсақ-түйек жасалуы қажет жұмыстар кезігетін сәттер болады, бірақ оны уақытында жөндеп береміз. 2 жылға кепілдік берілгендіктен, толық қызмет жасаймыз.
  • Құрылыс жұмысында қанша маман және жұмысшы бригадасы, арнайы құрылыс техникалары жұмыс істейді?
  • Бізде 5 АГП, үстіңгі жақта жұмыс жасайтын жұмысшылар, кран, екі камаз, бір погрузчик, жұмысқа арналған құрал-жабдықтар да, жұмысшылар да толық қамтылған.
  • Жұмыс сапасын жиі бақылап, тексеріп отырасыздар ма?
  • Күнде, таңнан кешке дейін осындамыз, бақылап, тексеріп отырамыз. Бізге ең бастысы тұрғындармен жұмыс жасау. Мақсат тұрғындардың көңілінен шығатындай жұмыс сапасын ұсыну. Қайта жөндеу құрылысының ақшасын тұрғындар өздері төлейтін болғандықтын, әрбір үйдің кішкентай бөлшегіне дейін олармен ақылдасып-кеңесе отыра жұмыс жасаймыз. Тұрғындар өз көзімен жұмыс сапасын бақылап қарап, пікірлерін де ашық айтады. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас біз үшін өте маңызды.
  • Модернизация аясында үйдің шатырына нақты қандай жұмыстар жүргізіледі?
  • Үйдің төбесіне толық демонтаж жасалды. Керек емес заттардың барлығы алынып, тазартылды. Арнайы техникалармен қоқыстарды түсіріп, камазбен шығарып тастадық. Қазіргі таңда парапед қаланды, вентшахта қаланғалы тұр. Ағаштар, цемент, құм барлығын арнайы техникамен жоғары көтереміз. Жұмыс қызу түрде жүріп жатыр.
  • Шатыр астында конденсат жиналмауы үшін, будан қорғау, желдету жүйесі қарастырылған ба? Көптеген тұрғын осы жағдай бойынша шағым түсіріп жатыр?
  • Тұрғындармен ортақ чатта өзім байланыста отырамын. Қаншама жұмыс атқарсақ та, ондай шағым бізге келіп түспеді. Қазір төбені жауып болдық, желдету жүйелері жұмысшылардың қолымен толық тазартылды. Көзге көрінбейтін жұмыстардың барлығына видеофиксацияға жүргізіліп отырады. Жұмыстың сапасына немқұрайлы қарай алмаймыз.
  • Үйдің қасбетін (фасад) жөндеу жұмыстарына не кіреді?
  • Сыртқы әрлеу жұмысы бойынша үйдің қасбеті арнайы бояумен боялады. Тұрғындар түсін өздері таңдайды. Фасадтың бояуы жаңбыр жауғанда суды өткізбейтін, түсі оңбайтын сапалы бояу.
  • Жертөледегі инжелерлік жүйелердің қайсысы ауысады?
  • Суық су, ыстық су, жылу, және кәріз құбырларының ескісі алынып, жаңасына алмастырылады. Тоқ жүйелеріне келсек, толық жаңасына ауыстырылды. Енді сантехник мамандары жұмыс жасап жатыр.
  • Кіреберіс ішіндегі жөндеуге не кіреді?
  • Кіреберіс ішіндегі қабырғалардың барлығы қырылып, сылау-бояу жұмыстары жасалады. Жоғары көтерілгенде ұстайтын сүйеніштер (перила) толықтай ауыстырылып, боялады. Кіреберістегі әрбір қабатқа жарық орнатылады. Ескі терезелер алынып, пластик түрлері қойылады. Домофон есіктер қондырылады.
  • Егер жұмыс сапасыз орындалса мердігер компания өз есебінен қайта жөндеп бере ме?
  • Жұмыс сапасыз орындалмайды. Егер біз бірінші рет жұмыс жасап жатқан болсақ, енді көріп жатырмыз деп айтуға болатын еді. Бізде әрбір жұмыстың маманы бар. Кез келген нысанды алатын кезде тұрғындарға жасаған жұмыстарымызды көрсетеміз, ешкімді үгіттемейміз. Тұрғындар өз көздерімен көріп, «AK-STROY»-дың жасаған жұмысы ұнап жатыр деп ұсынысымен келеді. Себебі, жұмыс барысы өз қалауымызбен емес, тұрғындардың ақыл-кеңесімен жасалады. Жертөледе бір құбыр ауыстырсақ та, өлшеміне дейін айтып отырамыз.
  • Модернизация жұмысы аяқталған тұрғын үйдің тұрғындарынан шағым түскен жоқ па?
  • Қай қаладан болса да, шағым түскен жоқ. Әзірге естігеніміз бен көргеніміз тұрғындардың ризашылығы мен қуанышы.
  • Сізде Жасыл ел бағдарламасымен жұмыс жасайтын балалар бар. Жалпы жұмысшыларыңыздың жұмыс кезіндегі қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілген?
  • Қауіпсіздігі толық бақылауда. Бізде «Жасыл ел» бағдарламасымен 6 бала жұмыс жасап жатыр. 3 баладан бөліп тастап, қасына үлкен жұмысшыларды бекітіп қойдық. Оларға каска, жилет беріледі. Балаларға жеңіл жұмыс түрлері жүктелген.
  • Өзіңіздің жұмыс жөнінде ұстанымыңыз қандай?
  • Біріншіден, мен үшін тәртіппен атқарылған жұмыс маңызды. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу және жұмыстың сапалы орындалуы. Мұнда өзіміз секілді қарапайым тұрғындар өмір сүреді. Олардың жақсы өмір сүруіне қолымыздан келгенше жақсы жағдай жасап беруіміз қажет. Жұмыс аса төзімділік пен салқынқандылықты, жауапкершілікті талап етеді. Адамдардың өміріне бей-жай қарауға болмайды.

Еңбек төрінде жүрген маңдай алды азаматтардың ішінен «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмыс жасап жүрген Айтжанов Мәдиден шағын сұхбат өрбіттік.

  • Жасыңыз қаншада? Қайда оқисыз?
  • Жасым 16 да. №3 Алға қазақ орта мектебінің 11 сынып оқушысымын.
  • Жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды және қандай мақсатпен келдіңіз?
  • Жұмыс жасағаныма 1 айға жуықтады. Мақсатым ата-анама сәл де болса көмектессем деймін. Ата-анамның қолына еңбегімнің ақысын табыстап, қуантқым келеді.
  • Жұмыс жасау процесі қалай өтуде? Командамен жұмыс жасау қызықты ма?
  • Жақсы, иә. Өзімнің танитын құрдастарыммен бірге жұмыс жасаймыз. Жертөлені тазартамыз, қоқыс шығарамыз. Тұрғындарға қауіпсіздік шарасын сақтауын ескертеміз. Арнайы белгілерді байлаймыз. Тапсырылған жұмыстарды мұқият орындауға тырысамыз.
  • Сұхбатыңызға рахмет!

Көзге көрініп-көрінбейтін жұмыстардың барлығы жасалып жатыр. Үлкен еңбек пен қажыр-қайратты, қолдың күші мен шыдамдылықты талап ететін құрылыс жұмысының жұмысшыларына қарап әсерлі ой түйдік. Соншалықты қырағылықпен, дәлдікпен әрбір ағаш пен кірпішті кранның көмегімен жоғарыға көтереді, төменге түсіреді. Қайнаған қара еңбектің отаны осы құрылыс жұмысы ма дерсің. Жұмысшылардың адал еңбегі ақталып, тұрғын үйдің сапалы жөнделуін тұрғындар да тағатсыздана күтуде.

Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ