29 тамыз — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні
Қазақ халқының қасіреті — Семей ядролық полигоны
Әлемдегі тұңғыш ядролық қаруды 1945 жылы АҚШ сынақтан өткізді. Артынша АҚШ-қа қарсы тұру үшін КСРО да ядролық қару жасауға кірісіп кетті. Атомдық сынақтарға бөлген 18 млн га жерге бұрынғы Семей облысы, Павлодар және Қарағанды өңірінің жерлері кірді. Алғашқы ядролық қару 1949 жылдың 29-тамызында Семей полигонында сынақтан өтті.
Куәгерлердің айтуы бойынша жарылыс теміржолдарды қиратып, вагондар мен машиналар 50-80 метр қашықтыққа ұшып кеткен. Тұрғын үйлердің ешбірі сау қалмаған. Соққының күшін сынау үшін қойылған танкілер мұнараларға соғылып, зеңбіректер майысқан металға айналған. Осылайша сынақтан өткізілген бомба жойқындығы бойынша америкалық бомбадан әлдеқайда асып түсті. 1951 жылы Уран бомбасы, 1953 жылы әлемде тұңғыш рет қуаттылығы 50 кг тонна болатын сутегі бомбасы да дәл осы Семей жерінде жарылды. Сынақ жүргізілген жерлерде радиация деңгейі 448-ге дейін жеткен. Ядролық зарядтардың қосынды қуаты бүкіл әлемді шулатқан Херосимаға тасталған бомбадан 2500 есе артық еді. Жалпы полигондағы сынақ 40 жылға созылып, қазақ жерінде 456 ядролық жарылыс жасалды.
Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев полигон жайлы былай дейді: «Қазақстан аумағында іс жүзінде 40 жыл бойы жүргізілген үздіксіз ядролық қару сынағы жерімізге және ұлтымыздың денсаулығына алапат зиянын тигізді. Әлі бірнеше қазақстандық ұрпақ өз денсаулығынан сол қатерлі сынақтардың салдарын сезінетін болады. Әлемдегі басқа бірде бір ел Қазақстан мен қазақстандықтар сияқты ядролық сынақтан зардап шекпеген шығар, сірә!».
Расымен, бұл сынақтар біздің елге ұшан-теңіз зардабын тигізбей қоймады. Жергілікті халық белгісіз ауруларға ұшырап, азаппен қайтыс бола бастады. Радиацияның кесірінен дүниеге келген сәбилер генетикалық мутацияға ұшырады. Әрбір 1000 баланың 48-і кемтар болып туылса, 100-і тумай жатып шетінеді. Обырмен ауырғандардың да қатары өсті. Жылдар бойы қазаққа қайғы әкелген полигонның жабылуын халық аңсады, тіледі.
1991 жылы КСРО басшылығының келісімінсіз полигонды жабу мәселесі талқыланып, парламент сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты. Осылайша Тәуелсіздік ала сала 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Әлем тарихында тұңғыш рет мемлекет өз еркімен ядролық қарудан бас тартты. Бұл жұмыс оңай болған жоқ, өйткені біраз державалар Қазақстанда ядролық қарудан бас тартуға үгіттеп, Тәуелсіздікке қауіптер төнуі мүмкін деп бетін қайтарғысы келген. Тіпті, Мәскеу жерге көмілгендерін жаруға рұқсат сұрап, қайтарымына 6-9 млрд доллар ұсынған. Бірақ еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ, Ресей, Франция елдерінің басшыларымен ұзақ, күрделі келіссөздер жүргізіп, 1994 жылы ядролық қаруды Қазақстаннан шығару туралы келісімге қол жеткізді. Ядролық державалар, яғни АҚШ, Англия, Ресей, Қытай, Франция Қазақстанның тәуелсіздігіне және бүгінгі шекараларының өзгермейтіндігіне кепілдік берді. Еліміздің егемендігіне, территориялық біртұтастығына қарсы күш қолданбауға міндеттелді. Бүгінде біздің Қазақстан ядролық қарусыздану мәселесінде бүкіл әлемге үлгі көрсетіп, батыл шешім қабылдай алған елге айналды.
Қазақтың дархан даласын отқа ораған бұл қасірет әлі күнге шейін кесірін тигізіп келеді. Солақай саясаттың кесірінен қарапайым халық зардап шегіп, өте ауыр халге ұшырады.
Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейірімге зарықтырған заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Туған жердің лайланды-ау тұнығы.
Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.
Неге біздер у ішеміз суаттан,
Неге біздер ажыраймыз тұяқтан?
Туған жерді тоздырғанша, заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Неге жерге кірмейміз біз ұяттан? — деп ақын Ұлықбек Есдәулетовтың сөзіне, сазгер Төлеген Мұхамеджановтың әніне жазылған мұңлы «Заманай» деген әнінде осы қасіретті жылдардың зардабы ашып айтылады.
Газетіміздің бүгінгі санында біз қазіргі кезде Алға ауданында тұрып жатқан, осы Семей полигоны жерінде өздерінің әскери борыштарын өтеген жандармен кездесіп, арнайы сұхбат алғанымызды оқырман назарына ұсынбақпыз.
Байманов Құрманалы Тәжиұлы 1959 жылы 17 қазанда Алға ауданы, бұрынғы Максим Горький ауылы, қазіргі Есет батыр ауылында дүниеге келген. 1977 жылы мектепті тәмамдаған соң сол жылдың 10-қарашасында Семей облысы, Мақаншы ауданы, Мақаншы қаласындағы 2086 әскери бөліміне әскер қатарына шақырылады. 1980 жылы 5 қаңтарда әскери борышын өтеп, елге қайтады. Құрманалы Тәжиұлы өзінің әскери борышын Семей ядролық полигонында радиациялық қаупі төмен аймақта өтеген. Ол ҚР Семей ядролық сынақ полигонының ЕТЕБ ардагері (Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген) болып табылады. Алға ауданынан дәл осы Семей ядролық полигон аймағында Құрманалы Баймановты қосқанда 5 адам әскери борышын өтеді.
Құрманалы Байманов:
- — Осы біздің ауданнан 5 жігіт боп әскерде болдық. Бірақ елге оралғаннан кейін сол полигонның зардабынан болар 4 жігіт 40 жасқа жетпей ауырып, дүниеден озды. Ал мен полигоннан 200 шақырым жерде орналасқан шекарада әскери борышымды өтегеннен болар денсаулығыма аса бір қатты әсер етпеген деп ойлаймын. Дегенмен, денсаулығым толықтай жақсы деп айта алмаймын. Қазіргі кезде асқазаным, жүрегім ауырып, қан қысымым мазалайды. Жылдар өте келе әсерін тигізіп жатқаны да болу керек. Мемлекет тарапынан әскерден оралғаннан кейін бастапқы кезде тек 8 ай бойы жәрдемақы төленіп, кейіннен тоқтатылды. Осы уақытта ешқандай мемлекет тарапынан жеңілдік болмай отыр. Барлық қажетті құжаттарымды тапсырсам да нәтиже болмады”- деді.
Құрманалы Тәжиұлы Семей ядролық полигоны аймағында әскери борышын өтегені рас болғандықтан алдағы уақытта осы мәселесі мемлекет тарапынан шешімін тапса деген тілегі де бар.
Байманов Тәжіғали Тұрдәліұлы 1939 жылы 7 қаңтарда Алға ауданы, Есет батыр ауылында туып өскен. ҚР Семей ядролық сынақ полигонының ЕТЕБ ардагері, III топ мүгедегі. Ол 1958 жылдың желтоқсан айынан бастап 1962 жылдың қаңтар айы аралығында Семей ядролық полигонының төтенше радиациялық қауіп аймағында әскери борышын өтеген. Тәжіғали ата өз естеліктерімен бөлісті:
- — Біздің заманымызда әскер қатарына шақырылғанымызда ешкім полигон жеріне барасыңдар деп айтқан жоқ. Ол жер құпия болатын. Тіпті Семей қаласы деп те аталмайтын. Сол кездерде атауы Москва 400 деп аталатын еді. Себебі, Кеңестер Одағы ол жерлерді шет елдің адамдарынан жасырып ұстайтын. Полигон орналасқан жерге тек арнайы дайындалған мамандар ғана кіріп шығатын еді. Біздер сол жерлерді күндіз түні кезекпен тұрып күзететінбіз. Ол кезде жаспыз ядролық сынақ зардабы туралы көп біле де бермейміз. Әскерге қай жерге жібереді сол жерге баратынбыз. Ол кезде бізде таңдау болмайтын. 1961 жылы желтоқсан айында біз әскери борышымызды аяқтап қайту керек болатынбыз. Бірақ, КСРО Қорғаныс министрі Родион Яковлевич Малиновскийдің бұйрығы бойынша бізге тапсырма келіп түсті. Тағы бір казарма салуға құрылысқа екі айға жіберілдік. Сол казарманы аяқтаған соң ғана босатамыз деп айтылды. Сөйтіп 3 жыл 2 ай дегенде елге аман-есен жеттік.
Тәжіғали ата ел арасында беделді, болыс болған Сартай деген кісінің ұрпағы екен. Бүгінде мәуелі бәйтерек боп жайылған отбасының үлкені, ақылшысы болып отырған жайы бар.
Байманов Қыдыр Тәжиұлы 1957 жылы 5 желтоқсанда Алға ауданы, Есет батыр ауылында дүниеге келген. 1976 жылдың 1-желтоқсаны мен 1978 жылдың 30-қарашасы аралығында Семей облысы, Жарма ауданы, Георгиевка-4 селосында орналасқан 75443 әскери бөлімінде Семей ядролық сынақ полигонының жоғары радиациялық қауіпті аймағында орналасқан әскери қызметін атқарған. Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шегушінің жеңілдіктері мен өтемақы алу құқығына ие. III топ мүгедегі.
Қыдыр Тәжиұлының 2003 жылғы қызы осыдан бірнеше жыл бұрын ақ қан (лейкемия) қатерлі ісігімен ауырған. Бірақ үздіксіз ем алу нәтижесінде ауруынан толығымен айыққан. Қазіргі кезде денсаулығы жақсы, тұрмыс құрған. Бұның бірден бір себебі сол Қыдыр Баймановтың кезінде Семей полигоны аймағында әскери борышын өтегендігінен болуы әбден мүмкін. Себебі, дәрігерлер Қыдыр Тәжиұлына полигон аймағында әскерде болып келгендіктен алдағы уақытта балаларыңыздың немесе немере-шөберелеріңіздің арасында радиацияның салдары тиюі мүмкін деп ескертілген. Қызының ақ қан ауруымен ауырғаны да осы қазаққа қасірет әкелген ядролық сынақтың зардабы екендігі белгілі.
Нұрболат Абдуллин 1962 жылы Алға қаласында туған. Бала кезінен ата-анасынан ерте айырылып, өмірдің біраз қиыншылығын да көргендігін жасырмады. 1981-1983 жылдар аралығында Семей ядролық сынақ полигонында әскерде болған. Алғашында Жамбыл облысындағы Отар әскеріне жіберілген, сол жақта 6 ай болып, Семейге ауыстырылған. Семей полигонында жоғары радиациядық қауіпті аймағында Нұрболат Абдуллин танк әскерінде әскери борышын өтеген. Сол жойқын жарылыстар болған жерлерде танкпен бір апта бойы әскери жаттығуларға шығатын болған.
Полигонның қауіпті аймағында болса да бүгінгі таңда мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді ала алмай отырған жайы барын жеткізді. Ядролық сынақ зардабы кейіпкеріміздің денсаулығына әсер етпей қоймаған. Өзінің айтуы бойынша ішкі құрылысына зияны тиген. Қазіргі кезде бауыры, асқазан-ішек жолдары ауруларымен ауырады.
Жалпы бүл жоғарыда аталған кейіпкерлеріміз қазақ даласына ауыр сынақ әкелген жерде әскери борыштарын өтеп келген Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген азаматтар. Мемлекет тарапынан құрмет көрсетіліп, барлық берілуге тиісті жәрдемақылар мен жеңілдіктерді толығымен алуына құқылы деп ойлаймыз. Себебі, олар тек өздерінің ғана емес алдағы өмірге келетін ұрпақтарының денсаулықтарына алаңдаулы. Елімізде ешқашан ядролық сынақтар болмай, ұрпақтарымыз алаңсыз, бейбіт өмір сүрсін демекпіз.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,
Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ