Жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылады


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Бас прокуратураның екінші қызметінің бастығы Мұрат Ахметов, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев, сондай-ақ прокуратура және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қатысты.
Отырыста қылмыстық-атқару жүйесінде туындап отырған өзекті мәселелер, сотталғандарды жұмыспен қамту, оларды қоғамға қайта бейімдеу және өндіріс орындарын ашу мәселелері сөз болды.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев қазіргі таңда сотталғандарды жұмыспен қамтуға және оларды қоғамға бейімдеуге ерекше мән беріліп отырғанын айтты.
— Бүгін «Рамазан құс» фабрикасымен меморандумға қол қойып, қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеп жатқан 70 адам жұмыспен қамтылды. Жоба аясында олардың жұмыс істеуіне және тұруына қажетті жағдай жасалды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Президент Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында әкімдіктерге, прокуратура және полиция органдарына сотталғандарды жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Бас прокуратура тиісті жұмыс жүргізіп, үйлестіру кеңесінде бұл мәселе арнайы қаралды. Нәтижесінде өңірлерде нақты жобалар іске аса бастады. Сотталғандардың еңбек етуіне мүмкіндік жасау олардың түзелуіне ғана емес, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға толыққанды бейімделуіне де оң әсер етеді, — деді Талғат Әлібаев.
Қазіргі таңда №8 түзеу мекемесінде 994 адам жазасын өтеп жатыр. Оның 637-сі жұмыспен қамтылған. Түзеу мекемелерінде еңбекке жарамды сотталғандарды жұмысқа орналастыруға басымдық берілуде. Бұл ретте олардың жасы, денсаулық жағдайы және еңбек ету мүмкіндігі ескеріледі. Өйткені сотталғандардың арасында зейнет жасындағы және денсаулығына байланысты тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов облыс әкімдігі тарапынан қылмыстық-атқару жүйесі қызметін жетілдіру және оның инфрақұрылымын дамытуға қатысты атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.
— Осы саладағы түйткілді мәселелерді жіті әрі тиімді шешу мақсатында арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жергілікті бюджет есебінен қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын атап өткен жөн. Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында 2 пробация қызметкері қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұған қоса 3,5 миллион теңгеге 17 компьютерлік жүйелік блок пен 3 бейнетіркегіш сатып алынды. Жалпы, биыл пробация қызметін қамтамасыз етуге 522 миллион теңге бөлінсе, оның 80 миллион теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталды, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиында жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру, оның ішінде өндірістік учаскелерді көбейту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретіні айтылды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.