Алғаның абыройын арқалаған азамат

 Адам ғұмыры – жылдардан құралған қарапайым тізбек емес. Оның әр белесінде тағдырдың тарауы, әр кезеңінде уақыттың табы, әрбір қадамында елге сіңген еңбегі жатады. Біреудің өмір жолы өзіне ғана тиесілі болса, енді бір азаматтың ғұмырнамасынан тұтас бір дәуірдің тынысын аңғаруға болады.

Осындай тағылымды тағдыр иелерінің бірі – Ағниязов Нұрхан Сабыржанұлы. Жетпістің көжесін ішкелі жатқан ағамыз туралы  газетіміздің бүгінгі санында сөз тарқатпақпыз…

Ол кісімен арадағы сыйластық пен өзара құрмет жылдармен өлшенеді. Балалық шақтан санама сіңген бейнесі – байсалды қалпы, орнықты сөзі, өмірден көргені мол адамның сабырлы мінезі. Әсіресе жұмыс барысында жауапты сәттер туып, белгілі бір істің нәтижесіне алаңдап тұрған кездерде немесе қандай да бір байқауға қатысар алдында қобалжу пайда болғанда, оның «Қорықпа. Сенің қолыңнан келеді. Алға жүр!» деген сөзі ерекше демеу болатын. Қарапайым ғана көрінген осы сөздің астарында тұтас бір өмірлік философия жатқанын жылдар өте келе түсіне бастадық.

Журналистік жұмыста да әр күннің өз сынағы бар. Жаңа тақырып, жауапты материал, кәсіби байқауға қатысу — мұның бәрі адамнан сенім мен батылдықты талап етеді. Сондай сәттерде Нұрхан ағамның «қобалжыма, өзіңе сен, алға ұмтыл» деген ақылы қанаттандырады.

Бұл – құр ақыл емес. Өз өмірімен дәлелденген ұстаным. Өйткені Нұрхан ағаның өзі де еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, қоғамдық қызметтің сан түрлі белесіне қол жеткізді. Жастық шағында комсомол жұмысын атқарып, кейін мәдениет, әлеуметтік сала, мемлекеттік басқару, қоғамдық келісім бағыттарында жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.

Сондықтан оның «алға жүр» деген сөзі өмірден алшақ айтылған әдемі тіркес емес. Бұл – талай белесті артқа қалдырған адамның тәжірибесінен туған сөз.

Жылдар өте келе осы бір сөздің қадірін тереңірек түсінесің.

Міне бүгін бала күнімнен ақылын тыңдап, өнегесін көріп өскен ағамның ел алдындағы еңбегіне, азаматтық ұстанымына журналист көзімен қайта үңілуге мүмкіндік туып отыр.

Нұрхан Сабыржанұлы 1956 жылдың 5 қыркүйегінде Алға қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі Сабыржан Ағниязұлы – бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған, 48 жыл педагогикалық салада еңбек еткен ардақты жан. Анасы Марфуға Есқалиқызы отбасының ұйытқысы болып, ұрпақ тәрбиесіне бар күш-жігерін жұмсаған. Осындай өнегелі шаңырақта өскен баланың бойына білімге құштарлық, еңбекке адалдық, елге қызмет ету секілді қасиеттердің сіңуі заңды еді.

1963 жылы Алға ауданына қарасты Қарағаш ауылындағы сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттаған Нұрхан аға кейін №1 Алға орта мектебінде білімін жалғастырып, 1973 жылы онжылдық мектепті тәмамдады.

Мектептен кейін Ақтөбеде №49 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінде химик-аппаратчик мамандығын меңгерді. Алғашқы еңбек жолын Ресейдің Волгоград облысы, Волжский қаласындағы органикалық синтез зауытында қарапайым жұмысшы болып бастады. Өмірдің үлкен мектебі осылай басталды. Кешегі шәкірттің қарапайым жұмысшыдан басталған еңбек жолы кейін қоғамдық қызметтің сан қилы белесіне ұласты.

1974-1976 жылдары Семей қаласында Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп, елге оралған соң өзі түлеп ұшқан №49 училищесіне комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Жастық жігер мен қоғамдық белсенділік тоғысқан осы кезеңнен бастап оның ұйымдастырушылық қабілеті айқындала түсті.

1979-1983 жылдары Алға химия зауытының комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Кейін ауданның қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік салаларында жауапты қызметтер атқарып, тәжірибесін шыңдады.

1983-1987 жылдары Алға аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы болса, 1987-1991 жылдары аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарды.

1991 жылдан бастап мәдениет саласына араласып, аудандық мәдениет бөлімінде инспектор болып еңбек етті. Кейін облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне шақырылды.

Бұл жылдар – еліміздің тарихындағы алмағайып кезең. Кеңестік жүйенің соңғы жылдары, тәуелсіздіктің алғашқы қадамдары, жаңа қоғамның қалыптасуы… Осындай күрделі кезеңде мемлекеттік және қоғамдық қызметтің жауапкершілігін арқалау оңай болған жоқ. Алайда Нұрхан  Сабыржанұлы қай кезеңде де өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысты.

Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырмасымен 1995-2003 жылдары және 2004-2013 жылдары жалпы он жеті жылға жуық Алға ауданы әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Бұл – оның өміріндегі ең ұзақ әрі жауапты қызмет кезеңдерінің бірі. Әлеуметтік сала – қағаз бен цифрдан ғана тұрмайды. Оның ар жағында адам тағдыры, отбасының жағдайы, баланың болашағы, қарияның қамы, мәдениет пен білімнің мәселесі тұр. Сондықтан бұл қызметте жүрген адамнан тек іскерлік емес, адамды түсіне білетін жүрек те талап етіледі. Осы тұста біз үшін өресі кең өр тұлға — Нұрхан Сабыржанұлы ауданның әлеуметтік-мәдени дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосты деп сеніммен айта аламыз.

Кейінгі жылдары да Нұрхан аға мемлекеттік және қоғамдық қызметтен қол үзген жоқ. 2013-2019 жылдары «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 2019 жылдан бастап «Қоғамдық келісім» КММ директоры болды.

Әр қызмет – жаңа міндет, жаңа жауапкершілік. Бірақ қызметтің атауы өзгергенімен, оның азаматтық ұстанымы өзгерген жоқ. Өйткені ел сенімі – кез келген атақтан биік.

Нұрхан Сабыржанұлының еңбегі бірнеше мәрте Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған мерейтойлық медальдармен, Мемлекет басшысының «Алғыс хаттарымен» бағаланды.

2019 жылы туған жері – Алға ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл атақтың салмағы Нұрхан аға үшін ерекше. Өйткені туған жердің «құрметті азаматы» атану – атқарған қызметіңнің ғана емес, ел арасында жүріп өткен жолыңның, азамат ретінде қалдырған ізіңнің бағалануы.

Ел ісімен бірге отбасының жауапкершілігін де қатар алып жүрген азаматтың өміріндегі үлкен тірегі – жары Жансара Қазымқызы. Жансара апамыз қырық жылдан астам уақыт бойы өнер мектебінде домбыра класының ұстазы болып, жас ұрпаққа ұлттық өнердің қасиетін үйретіп келеді.

Домбыраның қос ішегіндей үндескен қос тағдырдың бір арнада тоғысқанына да қырық жылдан асты. Бүгінде бұл шаңырақтан үш қыз, бір ұл өсіп-өніп, алты немере өмірдің сәніне айналды.

Ұрпақ жалғастығы – адам ғұмырының ең үлкен жеңісі. Өйткені адамның елге сіңірген еңбегі де, айтқан ақылы да, көрген өнегесі де кейінгі буын арқылы жалғасады.

2022 жылдан бері Нұрхан Сабыржанұлы Ақтөбе қаласы Астана ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Ардагер деген ұғымның өзі құрметті атақтан әлдеқайда терең. Ол – көргені мен түйгені мол, кейінгіге бағыт-бағдар көрсетер ақылман деген сөз. Ал Нұрхан ағаның бойындағы елге қызмет етуге деген құлшыныс жылдар өте бәсеңдеген емес.

Өйткені азаматтың елге берері қызметтен кеткен күні аяқталмайды. Кейде оның ең үлкен еңбегі – кейінгіге айтқан бір ауыз ақылы.

Адамның артында не қалады?

Қызмет пе?

Атақ па?

Марапат па?

Әрине, олардың бәрі де өмір жолының бір белесі. Бірақ уақыт өте келе олардың бәрінен бұрын адамның сөзі, ісі, мінезі, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі есте қалады.

Нұрхан Сабыржанұлының қарапайым еңбекпен басталған жолын елдік деңгейдегі қоғамдық қызметке ұластырды. Әлеуметтік саланың талай мәселесін арқалады. Мәдениет пен спорттың, қоғамдық келісім мен азаматтық бастамалардың бел ортасында жүрді. Ел сенімін арқалап, туған жердің құрметіне бөленді.

P.S.: Адам кейде үлкен кедергіден емес, өз бойындағы сенімсіздіктен сүрінеді. Ал біреудің «сенің қолыңнан келеді» деген сөзі сол сенімсіздіктің пердесін түріп, алға қарай қадам жасауға жетелейді.

Нұрхан ағамыздың адамға берер ең үлкен қолдауы да осында.

Ол жігерлендіреді.

Ол сенім ұялатады.

Ол алға ұмтылуға үндейді.

Ал кейде адамға дәл осындай бір ауыз сөздің өзі жеткілікті.

 Мадина ТАЖИБЕКОВА