Бала қауіпсіздігінің басты кепілі


№8 орта мектепте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қауіпсіз мектеп қалыптастырудағы сынып жетекшісінің рөлі» атты семинар-практикум өтті.

Оған қаламыздағы оқу орындарынан жиналған 120-дан астам сынып жетекшісі мен құқық қорғау саласының, қалалық білім бөлімінің, жастар ресурстық орталықтарының маманы қатысты.
Аталған мектеп директоры Талғат Қаймолдиннің айтуынша, семинар барысында педагогтар тәрбие бағытындағы жұмыстарын тәжірибе жүзінде бөлісті.
— Бұл семинар жас сынып жетекшілерінің мектептегі заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі құқықтық-педагогикалық сауатын арттыру, оқушылар арасындағы құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруда тиімді тәжірибелік дағдыларды жетілдіруіне мүмкіндік береді. Бүгінде мектепте 1 364 оқушы білім алып жатыр. Биыл мектеп табалдырығын 154 бала аттады. Оның 8-і — ерекше санаттағы балалар. Ұстаздарымыз түрлі жобаларды іске асырып, оқушылардың білімін шыңдауына өз үлесін қосуда. Семинар барысында заң саласының өкілдері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді, — дейді ол.
№8 орта мектепте ұлттық құндылықтарды насихаттауға баса назар аударылған. Ата-аналар комитетінің мүшелері «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шараларға үнемі атсалысады. Басты мақсат — құқықбұзушылықтың алдын алып, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Іс-шарада сөз сөйлеген қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Сұлтанбек Көптілеуов өңірде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
— «Айқын нәтиже» жобасы өңірдегі қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған. Осы жоба аясында қаламыздағы оқу орындарында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Осы жылдан бастап мектептердегі оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізілді. Оқу курстарына мұғалімдермен қатар, тәлімгерлер ретінде прокуратура, полиция, экономикалық тергеп-тексеру органдарының қызметкерлері бекітілді. Олар білім ордаларында түсіндірме жұмысын өткізуді жалғастырады, — дейді ол.
Семинар-практикум соңында педагог Бекзат Әлжанова «Жасанды интеллект көмегі арқылы қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру» жобасын көпшілік назарына ұсынды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.