Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы

Алдымыздан Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған кітап көрмесі қарсы алды. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» — деп жырлайтын ақынның асыл қазынасының шамшырағы әлі де жанып тұрғандай, жан-дүниемізге асқақ рух сыйлады. Кітап беттері жаңаруы мүмкін, бірақ сөздер мәңгі сөйлейді, саф алтындай құйылған болмысынан ажырамайды.

4-қыркүйек күні Алға аудандық Мәдениет үйінің «Coworking» орталығында Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Алға аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі» атты аудандық байқау өтті. Байқау II кезеңнен тұрды: I кезең – Ахмет Байтұрсынұлының бір өлеңін жатқа оқу, ұзақтығы 2-3 минут, II кезең Ахмет Байтұрсынұлының бір аудармасынан көрініс көрсету, ұзақтығы 5-7 минут. Байқауға 20 жастан жоғары жыр сүйер оқырмандар қатысты.

Байқауға ауданның әр елді-мекенінен қатысушылар келіп, бақ сынасты.  Түрлі саланың мамандары Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына қызығушылық танытып, тілге деген жанашырлықты, өнерге деген сүйіспеншілікті көрсетті. Талантты қатысушылар қатарында Айжарикова Жанагүл – Самбай ауылының тұрғыны, декреттік демалыстағы ана, Баймұратов Нұртай – Қарабұлақ мектеп-балабақшасының математика пәні мұғалімі, Нургазиева Альбина – Тамды орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Сатыбалдина Әлия — №3 «Гүлдер» Алға балалар бақшасының тәрбиешісі, Сарина Гүлжанат – Бестамақ ауылдық жұмыспен қамту орталығының ассистенті, Мақсотова Аққу – Маржанбұлақ ауылының тұрғыны, декреттік демалыстағы ана, Ниязбаева Асем – Үшқұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы өнер көрсетті. Әділқазылар алқасында Аманғалиев Ерлан – Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебінің  тарих пәнінің мұғалімі, Шара Елеусіз – ардагер журналист, Жауынбаев Нұрбол – айтыскер ақын төрелік етті.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы, ағартушы ақыны, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының және ұлттық публицистиканың негізін салушы, аудармашы. Өмір жолын ұстаздық етуден бастаған. Шалғайда жүрген қазақ балаларының әріп танып, білім алуына, елдің тізгінін ұстайтын азамат етіп тәрбиелеуге бар күшін салған. «Қайран елім, қазағым» деп ойдағы мен қырдағы қазақ жұртының басын біріктіріп, «Қазақ» газетін шығарды. Мәдениеттің есігін айқара ашты, ел білім-ғылыммен сусындасын, оянсын, көзін ашсын деді. Табаны тиген Алғаның топырағы сол үшін тым қастерлі, қасиетті.

Қатысушылар ақынның өлеңдерін тебірене жырлады. Жазықсыз жала жабылып түрмеде анасына хат жазып отырған ақынды көз алдымызға елестеттік. Жанарыңа еріксіз жас келеді. Қайтадан бойына күш жинап, шырағданы таңға дейін сөндірмей, халықтың қамын, балалардың білім алуын ойлаған, артына байлық емес, ілім қалдыруды көздеген ұлттың ұлы зиялысын көреміз. Өлең оқудың межелі жеріне жетіп, ақынның мысалдарынан көрініс тамашаладық. «Қарға мен түлкі» өлеңінің көрінісін Баймұратов Нұртай қазіргі заман үлгісімен, озық технологиямен сипаттап берсе, Сатыбалдина Алия кішкентай бүлдіршіндерімен «Егіннің бастары» өлеңін сахналап берді. Мақсотова Аққу «Қасқыр мен қозы» өлеңін бір өзі екі рөлде сомдады. Сайысқа қатысушылардың барлығы тамаша өнерлерімен көрерменді тәнті етті. Ақтық мәреге жетіп, әділқазы алқасы сүбелі сөздері мен әділ шешімдерін жолдады.

  • Әртүрлі саланың мамандары бас қосқан шара Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы тек қана әдебиеттің айналасында ғана емес, барлық саланың адамдарына ортақ рухани мұра екенін ұқтырды. Соны дәлелдеген қатысушыларға алғыс білдіреміз, – деді Нұрбол Жауынбаев.

Байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлденің иегері – Баймұратов Нұртай, I орын иесі – Сатыбалдина Әлия, II орын иесі – Мақсотова Аққу, III орынды Сарина Гүлжанат, Ниязбаева Асем, Нургазиева Альбина иеленсе, Айжарикова Данагүл ынталандыру сыйлығымен марапатталып, қатысушылардың барлығына ақшалай сыйлық табысталды.

P.S.: Қара темірдің арғы жағында отырса да, қолынан қаламы түспеген, халқының қамы үшін қам жеген Алаш зиялысын, ұлт ұстазының шығармашылығын қадірлеп, қастерлеп, көкейге тұта жүрейік. Саналы, білімді азаматтарды өсіру енді біздің қолымызда. Осындай үлкен дәрежедегі байқаулар халқының мәдениетін сүйетін тұлғаларды қалыптастырады.

Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ