«Қазақ тілі» қоғамының жаңа төрағасы сайланды

Алға ауданы әкімдігінде «Қазақ тілі» қоғамының жаңа төрағасын сайлау отырысы өтті. Өткізілген жиынға «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиев, Алға аудандық Аналар кеңесінің өкілі Бақыт Ерғалиева, бөлім және мекеме басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты.

Алға ауданы әкімінің орынбасары Кангужин Болатбек атқарылған міндеттер мен жеткен жетістіктерге жоғары деңгейде баға беріп, одан әрі тереңдете дамытуды тапсырды. Осы уақытқа дейін “Қазақ тілі” қоғамының Алға аудандық филиалына жетекшілік еткен Рахметолла Жұбаналинге қызметте көрсеткен еңбегі үшін алғысын жолдады. Кеңес шешімінің мақұлдауынан өткен Бөлекеева Назерке Қуанарқызының кандидатурасын дауысқа салып, қабылдауды ұсынды.

Бөлекеева Назерке Қуанарқызы — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін қазақ тілі және әдебиеті пәні мамандығы бойынша жоғары білім алған. Білім беру саласында 16 жылдық еңбек өтілі бар. №1 Алға орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі және директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасы қызметін де бірге атқарып келе жатыр.

Алға ауданы әкімінің орынбасары Кангужин Болатбек жиынға қатысушылардың пікірі мен ұсыныстарын тыңдады. Дауысқа салу нәтижесінде Бөлекеева Назерке Қуанарқызын «Қазақ тілі» қоғамы Алға аудандық филиалының төрағасы етіп сайлады.

Жиынның арнайы қонағы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиев:

  • Қазақ тілі тек қазаққа керек. Қазіргі уақытта да қазақ мектебін керек санамайтын елді-мекендер бар. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін мінберлерде сөз сөйлеп, жоқты бар етуге, сақтап қалуға тырысамыз. Қазақтың тілі жоғалса, өзі де жоғалады. Сондықтан бұл салада бірлікпен бас қосып еңбек ету қажет. Тіліміз бен ұлттық құндылығымыздың дәрежесін арттырмасақ, түсірмеуіміз керек. Үйдегі ата-ана да балаларымен қазақша сөйлессін, қазақы тәлім-тәрбиені бойларына дарытсын. Себебі, біз ұрпақты емес, ұлтты тәрбиелейміз. Әдеп те, имандылық та қара сөздің қасиетіне тұнған. Осы салаға өз үлесін қосуға келіп жатқан Назерке Қуанарқызына сәттілік тілейміз! – деп тілек білдіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолында көп еңбек ету керектігін жеткізді.

Қазақ тілінің мәртебесін арттыратын мазмұнды жобалар жалғасын таба берсін!

 Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ