Мемлекет басшысы: Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі. Президенттің айтуынша, азаматтарымыз елімізде жүргізілген реформалардың тікелей куәгері болып, сол өзгерістердің нақты нәтижесін көріп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті.

Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты.Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді.

2019 жылдан бастап, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды.

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті.

Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды.

Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енгенін атап өтті.

«Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз.

Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз қажет.

Өздеріңізге мәлім, мен мемлекетіміздің басшысы ретінде халықаралық жиындарға жиі қатысып, көптеген елдердің көшбасшыларымен, инвесторлармен кездесулер өткізіп жүрмін.

Астанада да жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп жатырмын.

Алдымда тұрған мақсат – айқын: бұл – Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық қауымдастық деңгейінде дәріптеу, мемлекетіміздің мүддесін қорғау және еліміздің әлеуетін жан-жақты насихаттау. Басқа ойым жоқ.

Сондықтан мұның бәрін бүкіл халқымыздың мақсаты деп күмәнсіз айтуға болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.