Өңірде суару маусымы сәтті аяқталды: су тапшылығы болған жоқ
Ақтөбе облысында 2026 жылғы вегетациялық кезең су ресурстарын тиімді пайдалану және су тұтынушыларын қажетті көлемде сумен қамтамасыз ету бағытында тұрақты өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Қазсушар» РМК Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Тимур Тілеуов мәлімдеді. Жиында 2026 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындысы, су қоймаларының қазіргі жағдайы, суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын пайдалану талаптары сөз болды.
«Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының қарамағында Жайық өзені алабындағы Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймалары бар. Аталған нысандардың негізгі міндеті – су қорын жинақтау, ауыл шаруашылығы алқаптарын суару, елді мекендер мен өндірістік нысандарды сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ су тасқынының алдын алу және табиғат қорғау мақсатында су жіберуді қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда Ақтөбе су қоймасында 78,86 млн текше метр су бар. Бұл оның жалпы сыйымдылығының 32 пайызына тең. Қарғалы су қоймасындағы су көлемі 78,23 млн текше метрді немесе 28 пайызды құраса, Сазды су қоймасында 1,57 млн текше метр су, яғни 21 пайыз көлемінде су жинақталған.
– 2026 жылғы вегетациялық кезеңде су тұтынушыларды сумен қамтамасыз етуде тапшылыққа байланысты мәселе болған жоқ. Барлық су тұтынушылар қажетті көлемде сумен қамтамасыз етілді,– деді Тимур Тілеуов.
Оның айтуынша, мамыр-қыркүйек айлары аралығында су тұтынушыларға Ақтөбе су қоймасынан 28,49 млн текше метр, Қарғалы су қоймасынан 27,72 млн текше метр, Сазды су қоймасынан 2,58 млн текше метр су жіберілген.
Биыл көктемнің соңында және жаздың басында өңірде жауын-шашын мол түсіп, бұл су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік берген.
Су ресурстарын тиімді басқару тек суармалы алқаптарды қамтамасыз етумен шектелмейді. Елек өзенінің су теңгерімін сақтау және оның экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында да арнайы су жіберу жұмыстары жүргізіледі. Биыл 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында Елек өзеніне секундына 25-тен 6 текше метрге дейінгі шығынмен жалпы көлемі 65,22 млн текше метр табиғат қорғау суы жіберілген.
Су қоймаларының қауіпсіздігі де тұрақты бақылауда. Соңғы жылдары су тасқыны қаупінің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларына көпфакторлы зерттеп-қарау жүргізіліп, олардың қауіпсіздік декларациялары әзірленді.