Ақтөбеде 300 бала бас қосқан инклюзивті спорт фестивалі өтті
Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтті.
Іс-шараны «Әділет» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы, филиал жанындағы Әйелдер қанаты, сондай-ақ Ақтөбе облысының білім басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармалары бірлесіп ұйымдастырды.
Фестивальге Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан 300-ден астам бала қатысты. Оның ішіндегі 100 бала – ерекше білім беру қажеттіліктері бар қатысушы. Балалар бочча, жеңіл атлетика және «Біз жеңімпаз боламыз!» эстафетасы бойынша бақ сынап, өздерінің ептілігін, жылдамдығы мен төзімділігін көрсетті.
Фестивальдің ашылу салтанатында «Әділет» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Қазыбек Әлішев сөз сөйлеп, инклюзивті ортаны қалыптастыруда спорттың ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
-Тең мүмкіндіктер» инклюзивті фестивалі мейірімділік пен достықтың, теңдік пен бірліктің айқын көрінісі. Бүгінгі күні біз тек жарыс өткізіп қана қоймаймыз, біз барша балаға, оның мүмкіндігі қандай болса да — өз дарынын, батылдығын, қайсарлығын көрсетуге мүмкіндік береміз. «Әділет» партиясы үшін әділетті қоғам құрудың маңызды бөлігі — әр баланың қоғамда өз орнын тауып, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау. Сондықтан біз инклюзивті қоғамды қалыптастыру бастамаларын әрдайым қолдаймыз. Бүгінгі шара – сол игі істердің жарқын үлгісі, — деді ол.
-Бүгінгі фестивальге досым Нұрасыл Амангелдімен бірге қатысып отырмын. Біз 1-сыныптан бері бір сыныпта оқимыз, қазір 8-сыныптамыз. Нұрасыл денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, өте мықты және жігерлі. Оның қайсарлығына әрдайым сүйсінемін. Жарыста біз жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жеттік-, – деді Азамат Алиев.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік командалар мен қатысушылар марапатталды. Ал жеңімпаз команда жарыстың республикалық кезеңіне жолдама алды.