ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ


Қаламыздағы №19 орта мектепте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Жастар және есірткі: қауіп, жауапкершілік, таңдау» атты диалогтік алаң ұйымдастырылды. Іс-шараға құқық қорғау саласының өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Диалогтік алаң барысында қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Сұлтанбек Көптілеуов бұзақылық пен есірткі саудасының алдын алу, вандализм туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ ол оқушыларға құқықбұзушылық оқиғалары тіркелген жағдайда кәмелетке толмағандардың әкімшілік айыппұлдан жалтара алмайтынын қатаң түрде ескертті.
— Жыл басынан бері қаламыздағы бірнеше мектепте өткен іс-шараға қатыстық. «Айқын нәтиже» жобасы өңірдегі қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған. Осы жоба аясында қаламыздағы оқу орындарында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Жасөспірімдер арасында тіркелген құқықбұзушылықтардың тең жартысы — жеке басқа қол сұғушылық деректері. Жасөспірімдердің қатысуымен бұзақылық, мүлікке зиян келтіру, ұрлық, ұсақ-түйек жымқыру сияқты сияқты қылмыстық оқиғалар тіркелуде. Мәселен, қарапайым дүкен немесе супермаркеттерден кәмпит ұрлаудың өзі әкімшілік жауаптылыққа әкеледі. Ұсақ-түйек жымқыру деректері анықталған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (400 мың теңге) айыппұл салынуы немесе қоғамдық түзеу жұмыстарына тартылуы мүмкін. Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, көшеде бақылаусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізіліп тұрады. Егер 18 жасқа толмаған жасөспірім қоғамдық орындарда масаң күйде ұсталған жағдайда ата-анасына әкімшілік айыппұл салынады. Сондықтан тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу — баршаға ортақ міндет, — дейді ол.
Бүгінде №19 орта мектепте «Жас сақшы», «Наркобекет» жобалары қолға алынған. Заң саласының ардагері Дәурен Нұрғазин білім ордасында оқушыларға заң талаптарын түсіндіріп, апта сайын «Заң мен тәртіп» пилоттық жобасы аясында 8,9,10,11-сынып оқушыларына құқықтық сабақ өткізеді.
— Есірткі саудасымен қоғам болып күресуіміз қажет. Жастардың бос уақытын зиянды әдеттерге арнамай, ізгі істермен айналысқанын қалаймыз. Сондықтан білім ордаларында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның оқушыларға берері мол. Әр өткізген шарамызда кәмелетке толмағандардың полиция қызметкерлерімен етене байланыс орнатқанын қалаймыз. Себебі жасөспірімдер әр нәрсеге еліктегіш келеді. Түрлі жарнамаға сеніп, алданып жатады. Ал біздің мақсат — құқықбұзушылықтың алдын алу. Жастарымыз жаман әдеттен ада боп, салауатты өмір салтын ұстанса құба-құп, — дейді «Заң мен тәртіп» пилоттық жобасының тәлімгері, запастағы полковник.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.


