ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЖАҢЫЛМАЙДЫ


Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде «Саналы ұрпақ — заңға бағынған ұрпақ» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға колледждің 1-курс оқушылары мен ата-аналары, облыстық полиция басқармасының өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары және колледждің әкелер кеңесі қатысты.
Білім ордасында жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі кездесулер мен іс-шаралар өткізіліп келеді. Колледждің құқық пәні оқытушысы Кәмшат Ахметованың айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидасын насихаттауға бағытталған жұмыстарға ерекше мән беріледі. Мұнда екі мыңға жуық студент білім алады. Сондықтан жастардың заң талаптарын білуіне, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне баса назар аударылады.
— Қоғамның дамуы заңға деген құрметтен басталады. Заң — күнделікті тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі, ал тәртіп — әр адамның жауапкершілігі мен мәдениетінің көрінісі.
Еліміз алдына құқықтық мемлекет құру, демократия орнату міндетін қойып отыр. Бұл міндетті жүзеге асыруда әр азаматтың, әсіресе жастардың құқықтық мәдениеті жоғары болуға тиіс. Өйткені бүгінгі студент — ертеңгі маман, қоғамның белсенді мүшесі. Өз құқықтары мен міндеттерін білетін, заңды құрметтейтін жас құқықбұзушылыққа да жол бермеуге тырысады. Сондықтан жастардың құқықтық сауатын арттырып, заң талаптарын түсіндіру жұмыстарының маңызы зор, — деді К.Ахметова.
Кездесу барысында Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Сұлтанбек Көптілеуов жастар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлеріне тоқталып, заң талаптарын бұзудың салдары мен жауапкершілігі жөнінде түсінік берді.
— Заң бұзушылықтар негізінен әкімшілік құқықбұзушылық және қылмыс болып екіге бөлінеді. Қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, белгіленбеген жерге қоқыс тастау, тыйым салынған заттарды пайдалану секілді әрекеттер әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Мұндай жағдайлардың әрқайсысына заңда тиісті жауапкершілік қарастырылған.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруі де өзекті мәселе болып отыр. Бала ересектердің қарауынсыз түнде жүрген жағдайда ата-анаға немесе заңды өкіліне де жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының қайда жүргеніне, бос уақытын қалай өткізетініне мән бергені дұрыс, —деді ол.
Жиында жасөспірімдер арасындағы буллинг пен кибербуллинг мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар мамандар баламен ашық сөйлесудің, оның бос уақытын, кімдермен араласатынын және әлеуметтік желідегі ортасына бақылау жүргізу керегін ескертті.
— Қазір интернет кеңістігінде де құқықбұзушылық көп. Мысалы, адамның суретін оның рұқсатынсыз алып, жасанды интеллект арқылы өзгертіп, қорлайтын немесе кемсітетін сипатта әлеуметтік желіге таратады. Мұндай әрекет егер ол адамды қорлауға, кемсітуге, қысым көрсетуге бағытталса, заң аясында тиісті жаза беріледі. Кәмелетке толмағандарды буллинг пен кибербуллингтен қорғауға қатысты заңда тиісті шешімдер бар. Сондықтан әрбір әрекеттің алдында: «Бұл заңды ма? Мен жауап бере аламын ба? Бұл әрекетім басқа адамға зияны тимейді ме?» деген үш сұрақты қойып, жауап бере алуыңыз керек, — деді С.Көптілеуов.
Кездесу соңында оқушылар мамандарға сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.