АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ НӘТИЖЕСІН БЕРІП КЕЛЕДІ


Ақтөбе автожол колледжінде білім алушылар арасында буллинг, әлімжеттік пен бопсалаудың алдын алуға бағытталған «Тоқта, буллинг!» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Кездесуде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастар арасында өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Семинар-тренингке құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру және психологиялық қолдау саласының мамандары қатысты.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Махамбетованың айтуынша, колледжде жеті мамандық бойынша 841 оқушы білім алады. Оның 82 пайызы — ер бала. Сондай-ақ басқа облыстардан келген 80-ге жуық білім алушы бар.
Мұнда құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен тұрақты байланыс орнатылған. Облыстық полиция департаменті тарапынан білім беру ұйымдарына арнайы кураторлар бекітіліп, оқушылар мен студенттерге кездесулер өткізіліп тұрады.
— Бізде осы бағытта аптасына кемінде екі-үш кездесу ұйымдастырылады. Қазір колледжде құқықбұзушылық санаты бойынша бір білім алушы есепте тұр. Ол оқу орнына мектептен келген кезінен бастап есепке алынған. Ал қылмыстық құқықбұзушылық бағыты бойынша есепте тұрған оқушылар жоқ. Жүйелі профилактикалық жұмыстардың оң нәтижесін көріп отырмыз. Өйткені 2024–2025 оқу жылында колледжде 13 білім алушы есепте тұрған болатын, — деді ол.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне Ақтөбе қаласы полиция басқармасы ювеналды полициясының аға инспекторы Гүлмира Шитанова да тоқталды. Оның мәліметінше, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 15 пайызға азайған. Дегенмен әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет.
— Колледжге студенттер 15-16 жастан бастап келеді. Бұл — жасөспірімнің мінезі қалыптасатын кезең. Сондықтан олардың бір-бірімен қарым-қатынасы әрқашан біздің назарымызда болуы керек.
Заң бойынша буллинг дегеніміз — адамды қорлау, қудалау немесе қорқыту сипатындағы әрекеттердің екі немесе одан да көп рет қайталануы. Мұндай әрекеттер әлеуметтік желіде жасалса да жаза қолданылады.
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңда балаларды жәбірлеуден қорғау мәселесі нақты бекітілген. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабына сәйкес, буллинг жасағаны үшін ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әрекет қайталанатын болса, айыппұл 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. 12 мен 16 жас аралығындағы балалар осындай әрекетке барса, заңда олардың ата-аналары немесе заңды өкілі заң алдында жауап береді. Сондықтан жасөспірімдер өз әрекетінің салдарын түсінуі керек, — дейді полиция өкілі.
Кездесу соңында облыстық «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскерлері психологиялық тренинг өткізді. Жаттығулар жеке шекараны сақтауға, өзара сыйластықты нығайтуға және айналасындағылармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға бағытталды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.