ЗАҢДЫ БІЛУ — ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ БАСТАУЫ


«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ақтөбе қаласындағы №45 мектепте оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған кездесу өтті.

Шараның негізгі мақсаты — жасөспірімдерге заң талаптарын құрметтеудің маңызын түсіндіру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және заң талаптарын сақтап, тәртіпті болуға үйрету.
Кездесуге облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлыбек Суентаев және Ақтөбе қаласы Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қазыбек Адайбаев қатысты.
— Құқықтық сауаттылық — әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуінен басталады. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және өз іс-әрекетінің салдарын түсіну әсіресе жасөспірімдер үшін маңызды. Өйткені жас кезден қалыптасқан жауапкершілік пен тәртіп дағдысы адамның болашақтағы азаматтық ұстанымына негіз болады, — деді Нұрлыбек Суентаев.
Бүгінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек мектеп қабырғасымен шектелмейді. Отбасында алған тәрбие, қоғамдағы орта және интернет кеңістігіндегі мінез-құлық та баланың өмірлік көзқарасына әсер етеді.
— Сол себепті оқушылардың заң талаптарын түсініп қана қоймай, күнделікті өмірде де оны сақтауға дағдылануы маңызды. Осындай кездесулер жас ұрпақтың құқықтары мен міндеттері туралы түсінігін кеңейтіп, заңға құрметпен қарауына және қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруына ықпал етеді. Жасөспірімдерді саналы шешім қабылдауға, өз әрекетіне жауап беруге тәрбиелеу — мектеп, отбасы мен қоғамның ортақ міндеті, — деді Қазыбек Адайбаев.
Жиын соңында мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Саягүл Махашова кездесуге қатысып, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосқан қонақтарға алғыс айтып, жас ұрпақтың бойында заңға құрмет пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.