Азаматтарды ортақ мақсатқа жұмылдырады
Құрылтай отырысында Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыруға байланысты депутаттық корпустың алдындағы міндеттерді айқындап берді. Сонымен қатар депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа түзетулер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заңды қабылдады.
Отырыста Айбек Дәдебай Президент Жолдауының маңыздылығын атап өтіп, елдің жаңартылған саяси жүйесінің алдына қойылған негізгі бағыттарды белгіледі.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Ол – жаңа Конституция қабылданып, бүкіл саяси жүйе жаңғыртылғаннан кейінгі алғашқы Жолдау. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа саяси институттардың алдына нақты міндеттер қойып отыр. Бұл – жүргізіліп жатқан реформаларды нақты мазмұнмен байыта отырып, олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Президентіміздің басты назарында әрдайым адам, оның әл-ауқаты мен өңірлерді дамыту мәселелері тұр, – деді Құрылтай төрағасы.
Сондай-ақ спикер Жолдаудың еліміз бен азаматтарымыздың игілігі жолында барлық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуіне тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Президент ұзақ уақыт бойы тиісті шешімін таппай келген түйткілді мәселелерге тағы да нақты жауап беріп, еліміздің алдағы ұзақ жылдарға арналған табысты әрі орнықты дамуының берік негізін қалайды. Құрылтай депутаттары Президент ұсынған ауқымды өзгерістерді жүзеге асырудың алдыңғы шебінде болуға тиіс.
– Құрылтай депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған бастамаларын толық қолдап, барлық тапсырмасын сапалы әрі уақтылы орындауға бар күш-жігерін жұмсайды. Әсіресе Жолдаудың мән-мазмұнын қоғамның барлық тобына кеңінен түсіндіріп, оны іске асыру жолында азаматтарды ортақ мақсаттарға жұмылдыруға ерекше назар аударылады, – деп атап өтті Айбек Дәдебай.
Осыған байланысты спикер Құрылтайдың алдында тұрған негізгі міндеттерді нақтылады. Бұл қатарда Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыдан сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, заң шығару жұмысына сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін тартуға, сондай-ақ Жолдаудың басымдықтарын түсіндіруге назар аударды. Атап айтқанда, Үкіметпен бірлесіп, заң жобаларына сәйкес жұмыстың нақты жоспарын жасау, әр құжат бойынша нақты мерзімдерді белгілеп, олардың құқықтық қолданылуына ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте, Құрылтай төрағасы атап өткендей, жаңа заңдардағы әрбір норма Президент қойған міндеттерді нақты шешуге бағытталуы керек.
Осы ретте, Мемлекет басшысы Ұлттық қордың ресурсын жинақтау мен оны пайдалану арасында теңгерімді сақтап, қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жаратуды тапсырды. Айбек Дәдебай бұл мәселе Құрылтай депутаттарының нақты бақылауында болатынын айтты.
Жолдауда дамудың логистика инфрақұрылымы, энергетика, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, банк секторы, жаңа Алатау қаласының бой көтеруі сияқты өзге де басым бағыттары айқындалған. Салық саясатын жетілдіру мен жаңа Азаматтық кодексті қабылдауға ерекше мән берілген. Құрылтай депутаттары алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға атсалысып, оларды заңнамалық тұрғыда сүйемелдеуді қамтамасыз етуге әзір.
Сонымен қатар Айбек Дәдебай жақын арада депутаттар тобы Жолдауды түсіндіру үшін өңірлерге баратынын айтты. Олар еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді, жастармен, кәсіпкерлермен, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен пікір алмасады. Басты мақсат – Жолдаудың мәні мен прогрессивтілігін қоғамға кеңінен жеткізу.
Бұдан соң, отырыс барысында Құрылтай «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Депутаттарға құжат нормаларын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды. Хаттамада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 30 түзету енгізу көзделген. Олар ішкі нарықтың жұмыс істеуі, мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, көрсетілетін қызметтер саудасы, бәсекелестік, электр энергетикасы мен көлік мәселелерін қамтиды.
Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Алмат Әбдікешов атап өткендей, негізгі өзгерістердің бірі Еуразиялық экономикалық комиссияға Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді саралау әдіснамасын бекіту және кедергілер мен шектеулерді жойылды деп тану жөніндегі өкілеттікті бекітуге қатысты. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара саудадағы кедергілерді бағалаудың бірыңғай тәсілін әзірлеуге, оларды жүйелі түрде жоюды қамтамасыз етуге жол ашады.
Түзетулердің тағы бір блогі ЕАЭО-ның жалпы электр энергетикасы нарығына қатысты. Атап айтқанда, тіркеуші институты енгізіліп, оның құқықтары мен міндеттері айқындалады. Мемлекеттік сатып алу саласында да бірқатар өзгеріс қарастырылған. Осылайша, сатып алудың жекелеген тәсілдері үшін электрондық құжаттарда шарттар мен қосымша келісімдер жасасу көзделіп отыр.
Бұған қоса, хаттама ЕАЭО шеңберінде жасалған халықаралық шартқа сәйкес сатып алуды жүзеге асыру кезінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің банк кепілдіктерін өзара тануын көздейді. Бұл шаруашылық жүргізуші субъектілердің сатып алу рәсімдеріне өзара қол жеткізуін кеңейту үшін қажетті жағдайлар жасайды.
Талқылау барысында депутаттар баяндамашыға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің халықаралық тасымалдар саласында электрондық рұқсаттарды енгізуге дайындығы, ЕАЭО туралы шарттан кедендік баждар бойынша ақпарат алмасу туралы ережелерді алып тастаудың салдары, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өзгерістердің кәсіпкерлердің қызметіне әсері туралы сұрақтарын қойды.