«Таза Қазақстан»: Ақтөбелік жастар экологиялық мәдениетті нақты іспен насихаттады

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Экологиялық тәрбие – таза болашақ кепілі» атты іс-шара өтті.

Іс-шараның мақсаты – жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, табиғи байлықтарды сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды насихаттау және экологиялық мәселелерді шешудегі ортақ жауапкершілікті нығайту.

Кездесу барысында экология саласының мамандары студенттерге «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының негізгі бағыттары, маңызы мен қоғамдағы рөлі туралы түсіндірді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық әдеттерді күнделікті өмірде қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Танымдық кездесумен қатар студенттер арасында макулатура жинау акциясы ұйымдастырылды. Бастама қағаз қалдықтарын қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға және табиғи ресурстарды үнемдеудің маңызын тәжірибе жүзінде көрсетуге бағытталды.

Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Гүлзат Нурушева экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.

— Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарды сақтау – баршамызға ортақ міндет. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жастардың қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуы, макулатура жинау сияқты игі бастамаларды қолдауы ерекше маңызға ие. Табиғатқа жанашырлықпен қарау әрбір азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс, – деді ол.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас маманы Дәурен Оразалин жастардың экологиялық тәрбиесіне тоқталды.

— Жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру – тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Бүгінгі макулатура жинау бастамасы студенттердің экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын және қоршаған ортаны қорғауға нақты үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – экологиялық саналы, табиғатқа жанашырлықпен қарайтын және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін белсенді жастарды тәрбиелеу, – деді ол.

Іс-шараның негізгі идеясы – экологиялық мәдениеттің сөз жүзінде емес, нақты іспен қалыптасатынын жастарға жеткізу. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті, ал таза болашақ бүгінгі ұрпақтың саналы таңдауына байланысты.