Құқықтық жауапкершілік түсіндірілді

Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жоғары сынып оқушыларына «Есірткісіз қоғам — қауіпсіз болашақ!» тақырыбында профилактикалық кездесу өткізілді.

Кездесудің мақсаты — нашақорлықтың алдын алу, жастардың есірткіге байланысты құқықбұзушылықтарға баруына жол бермеу және өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру.
Кездесуге облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Азамат Қияшев және аталған департаменттің есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Азамат Егізбаев қатысты.
Қонақтар оқушыларға есірткіге қатысты құқықбұзушылықтардың құқықтық салдары туралы айтып, жастарды күмәнді ұсыныстардан сақ болуға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар есірткінің зияны, оның адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Салауатты өмір салтын ұстанудың, спортпен шұғылданудың және бос уақытты тиімді пайдаланудың маңызы атап өтілді.
Сондай-ақ мамандар есірткі тарату мен оны заңсыз сақтаудың ауыр зардаптарына тоқталып, оқушылардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Байманованың айтуынша, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру — мектептегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
— Біздің басты мақсатымыз — оқушыларға дұрыс таңдау жасаудың маңызын түсіндіріп, олардың қауіпсіз әрі жарқын болашағына бағыт-бағдар беру. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, заң талаптарын құрметтеуге, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Біз жастардың білімді, саналы, дені сау азамат болып қалыптасуына ерекше мән береміз, — дейді Нұргүл Байманова.

Арайлым НҰРБАЕВА.