Жетісу облысында Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер талқыланды
Жаңа әлеуметтік нысандар салу, шаруаларға қолжетімді несие беру және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері Талдықорған қаласындағы Достық үйінде өткен кездесудің негізгі тақырыптарына айналды. Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыруға арналған бұл жиында депутаттық корпус пен Үкімет өкілдері Жетісу облысының жұртшылығымен кездесіп, жоспарланған шараларды түсіндіріп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Қайрат Кереев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков қатысты. Басқосуға өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де жиналды.
Жиында Жолдауда айқындалған міндеттердің іс жүзіндегі маңызына, атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, отандық өндірісті қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Екатерина Смолякова жарияланған Жалпыұлттық құрылыс жылы тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейтінін, инфрақұрылымды жаңғыртуды және халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салуды қамтитынын атап өтті.
– Өңірлерге жасаған сапарлар барысында біз бұл қажеттіліктерді өз көзімізбен көріп, тұрғындардың өз аузынан естіп жүрміз. Кейбір жерлерде ерекше қажеттігі бар балаларға арналған оңалту және түзету орталықтары қажет болса, енді бір елді мекендерде балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмаған. Сондықтан әрбір жаңа нысанның артында нақты мақсат тұруы тиіс. Яғни қажетті көмектің қолжетімділігін арттыруға, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауға және халықтың күнделікті өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады, – деді депутат.
Сондай-ақ депутат Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, парапланеризм алаңына апаратын жолға қатысты өтініштерден кейін айналма жол салу туралы шешім қабылданған. Бұдан бөлек, Алакөл маңындағы Жетісу мен Абай облыстарын байланыстыратын жолдың проблемалық учаскесіне қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Кездесудің маңызды бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға арналды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова өткен жылы өсімдік шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыруға бір триллион теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл қолдау шаруаларға егіс және егін жинау науқандарына дайындалуға, қажетті материалдар сатып алуға, техниканы жаңартуға мүмкіндік береді.
– Ендігі міндет – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге инвестициялық мақсаттарға арналған ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі. Бұл ретте нақты өңірлер үшін ерекше маңызы бар нысандарға басымдық беріледі, – деді Назгүл Хатепова.
Вице-министр Жетісудағы қант қызылшасын өңдеу мәселесіне де тоқталды. Биыл өңірде 13,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілген. Өнімді жаңғыртудан өткен Көксу және Ақсу қант зауыттары қабылдауда. Ал Ақсу зауытының табиғи газға қосылуы өндірістік шығындарды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар жүгері егістігін ұлғайту және оны терең өңдеу бағытындағы мүмкіндіктер талқыланды. Жамбыл облысында қытайлық инвесторлармен бірлесіп құрылған кәсіпорын Жетісу шаруалары үшін қосымша өткізу нарығын қалыптастырмақ.
Назгүл Хатепова сүтті мал шаруашылығын қолдау шараларына да тоқталды. Оның мәліметінше, жеңілдетілген қаржыландыру аясында жүзден астам тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланса, соның 71-і пайдалануға берілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру, субсидия алу рәсімдерін жеңілдету және қағазбастылықты азайту мәселелері қозғалды.
Жиында Жалпыұлттық құрылыс жылы жергілікті кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылды. Жаңа нысандардың құрылысы құрылыс материалдарына, жабдықтар мен көлік қызметтеріне сұранысты арттырып, қосымша жұмыс орындарын құруға және бюджет түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге жобалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Осылайша, Достық үйінде өткен кездесуде Президент Жолдауында айқындалған міндеттер өңірдің нақты қажеттіліктерімен ұштастыра отырып талқыланды. Бұл ретте әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы нақты нәтижелер халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды көрсеткіштері болмақ.
Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы