Жолдау жүгі — жастарға серпін

Ақтөбе қаласындағы жастар ресурстық орталығының коворкинг алаңында Президент Жолдауында көтерілген негізгі мәселелерді түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Жиында Ақтөбе қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталды. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасының экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және халықты жұмыспен қамтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар білім беру, жасанды интеллект, цифрландыру және заманауи инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталып, жастардың жаңа технологияларды меңгеруі қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ ұстаздардың абырой-беделін қорғау мәселесін көтеріп, мұғалімге құрмет көрсету — қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Кездесуде өзге де спикерлер мазмұнды ойларын ортаға салды. Ақтөбе қаласы полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы Айымгүл Төкешова құқықтық тәртіп пен қоғамдық жауапкершілік мәселелері жөнінде пікір білдірсе, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің инфекциялық аурулар және балалар инфекциясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Мейрамбек Құрманғазин денсаулық сақтау саласындағы өзекті бағыттарға тоқталды.
Басқосуда белсенді жастар көкейіндегі сауалдарын жолдап, пікір алмасты.
Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Реймұханның айтуынша, кездесудің мақсаты — Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттарды жастар арасында кеңінен насихаттау, олардың азаматтық белсенділігін арттыру және ел болашағына қатысты бастамаларға саналы көзқарас қалыптастыру. Ол мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.