ЖАСӨСПІРІМ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының аясында Ақтөбедегі Ф. Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында «Заң сөйлейді: жасөспірім және жауапкершілік» тақырыбында прокурор сағаты өтті.

9–11-сынып оқушыларының қатысуымен өткен кездесуге Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаев, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі, «Заң және тәртіп» пилоттық жобасының тәлімгері Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Сұлтан Молбаев және ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының тәрбие жұмысы бөлімінің аға инсперторы Бекет Айсұлтан қатысты.
Ф. Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Аймұрзинаның айтуынша, іс-шара «Жасөспірім және заң» мектепішілік профилактикалық онкүндігінің жоспарына сәйкес ұйымдастырылған.
— Көзделген мақсат — жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу, сол арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу. Осы орайда заңды жазалау құралы емес, әр адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғайтын негізгі құндылық ретінде танытуды назарда ұстау өте маңызды. Бұл — біздің басты ұстанымымыз, — деді Гүлназ Аймұрзина.
Бірінші болып сөз алған Ақтөбе қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Сұлтан Молбаев жасөспірімдермен әңгімені заң дегеніміз не, оның маңызы, әр адамның заң аясындағы міндеттері мен жауапкершілігі тақырыбынан бастады.
— Қоғамда әр адам ертеңге деген нық сеніммен өмір сүруді қалайды. Ата-аналарыңыз сіздердің болашағыңызға сенімді түрде жоспар жасағысы келеді. Қоғамның әр мүшесінің заң мен тәртіпке бағынуы, міне, осы болашаққа деген сенімге іргетас, негіз болады, — деді Сұлтан Молбаев.
Ол мектеп оқушыларының да заң алдында жауапкершілігі бар екенін айтып, әсіресе бірін-бірі басынып, буллинг жасаудың зардаптарын, буллингке ұшыраған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді.
— Буллингке ұшыраған жағдайда үнсіз төзіп жүру күйзеліске соқтырады. Сонымен бірге буллинг жасаушылар да өздеріне жаза қолданылмайтынын түсінсе, жағдай ушығуы мүмкін. Сондықтан оны жасырмай, ата-анаға, мектеп психологына, сынып жетекшісіне айту керек. Полицияға хабарласуға да болады, — деді прокурор.
Жиында қонақтармен бірге, мектеп директоры Гүлдария Әбдіғалиева да сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде заңды білу мен құрметтеудің маңызымен қатар, интернеттегі қауіпсіздік, алаяқтардан сақтану мәселелеріне де тоқталды.
Сондай-ақ оқушылар тарапынан да өте көп сұрақтар қойылды. Бұл сауалдардан заңды сақтау, буллингке жол бермеу сынды мәселелердің жасөспірімдерді де толғандыратыны байқалды.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.