Жастар және жаңа конституция

Елдің болашағы бүгінгі жастардың қандай білім алып, қандай құндылықтарды ұстанатынына байланысты. Сондықтан жаңа Конституцияны тек заңгерлерге арналған құжат емес, жас ұрпақтың құқықтары мен мүмкіндіктерін айқындайтын маңызды негіз деп қабылдаймын.
Жаңа Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленді. Бұл — әр азаматтың құқығын қорғауға бағытталған маңызды қағидат.
Мені, әсіресе, білім мен ғылымға басымдық берілуі қуантады. Конституцияның 3-бабында адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Бұл — жастардың сапалы білім алып, қабілетін шыңдауына жол ашатын маңызды негіз. Өйткені бүгінгі жас — ертең ел дамуына үлес қосатын маман.
Жаңа Конституцияда заң үстемдігіне де ерекше мән берілген. Заңның баршаға бірдей қолданылуы — қоғамдағы әділеттілік пен сенімнің негізі. Жастар өз құқықтарын біліп қана қоймай, заң талаптарын құрметтеуі керек. Құқықтық сауат пен жауапкершілік қатар жүргенде ғана саналы азаматтық ұстаным қалыптасады.
Күнделікті студенттермен жұмыс барысында жастардың әділдікке, сапалы білімге және өз пікірін еркін білдіруге мән беретінін байқаймын. Сондықтан біздің міндетіміз — Конституцияның мазмұнын түсінікті тілде жеткізіп, оның әр адамның өміріндегі маңызын ұғындыру. Жас адам өз құқығын білгенде ғана оны қорғай алады, ал өз міндетін түсінгенде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді.
Жаңа Конституция — жастардың бүгінгі мүмкіндігі мен ертеңгі дамуына құқықтық негіз болатын құжат. Оны құрметтеу — тек заң талаптарын орындау емес, өз құқығың мен жауапкершілігіңді түсіну. Біз елдің болашағын күтетін ұрпақ қана емеспіз, оның бүгінгі дамуына да үлес қосуға тиіспіз.
Зарифа КИНИСАРОВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті.
Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы.