Теміржолшылармен Жолдаудың негізгі бағыттары талқыланды
«Әділет» партиясының мүшелері Күлпаршын Айдарханова, Талғар Әбілов және Ұшқын Мыңбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің еңбек ұжымымен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер, соның ішінде теміржол саласын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және Қазақстанның халықаралық көлік-логистика жүйесіндегі әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Партияның Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңес мүшесі Талғар Әбілов Жолдаудағы негізгі басымдықтарға, соның ішінде Президенттің көлік-логистика саласын дамыту бағытындағы тапсырмаларына тоқталды. Атап айтқанда, келесі жылы Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу және Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға бағытталған «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы сынды бастамалар туралы айтты.
— Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құру қажеттігін стратегиялық міндет ретінде алдымызға мақсат етіп қойды. Президент көтерген міндеттер еліміздің көлік-логистика әлеуетін жаңа деңгейге көтеретіні айқын. Бұл ретте теміржол саласына артылар жауапкершілік жоғары. Себебі Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін кеңейту, халықаралық жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру және логистикалық хаб ретіндегі орнын нығайту тікелей теміржол инфрақұрылымының дамуына байланысты. Сондықтан алдағы кезеңде саланың өткізу қабілетін арттыру, тасымал сапасын жақсарту және заманауи талаптарға сай жұмыс істеу маңызды, – деді Талғар Әбілов.
Ұшқын Мыңбаев Мемлекет басшысының отандық логистикалық операторларды дамытып, жүк жинақтау және тарату орталықтарын құру жөніндегі бастамаларын айтып берді. Ол көлік тораптарының маңында өндіріс пен сауданы дамыту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру міндеті қойылғанын атап өтті. Ұшқын Мыңбаевтың айтуынша, Жолдауда белгіленген міндеттердің жүзеге асуында теміржол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен оның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін бөлімшелердің рөлі зор. Солардың бірі – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрамындағы Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі. Мекеменің персоналды басқару бөлімінің басшысы Гүлден Елеместің атуынша, еліміздің батыс өңірінің теміржол желісіне қызмет көрсететін бөлімшенің құрамында Ақтөбе және Орал қалаларындағы жол, сигнализация және байланыс дистанциялары, электрмен жабдықтау дистанциясы, сондай-ақ вокзалдар мен станциялар бар. Бүгінде бөлім құрамындағы мекемелерде жалпы 7 мыңнан астам адам еңбек етеді. Биыл жыл басынан бері жеті разъезд ашылып, жүзге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Партия мүшелері Мемлекет басшысының еліміздегі цифрлық экономиканы дамытуға да ерекше назар аударғанын айтты. Теміржол саласы үшін де цифрлық шешімдердің маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінде де жүргізіліп келеді. Автоматтандыру және цифрландыру бөлімінің басшысы Анар Мұқанованың мәліметі бойынша, бөлімшеде локомотивтердің машинист кабиналарына электронды құрылғылар орнату, пойыздар қозғалысын басқару мен бақылауды автоматтандыру, құжат айналымын электронды форматқа көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта бөлімшедегі негізгі жұмыс процесінің шамамен 40 пайызы автоматтандырылған. Алдағы уақытта барлық құрылымдық бөлімшелерді біріктіретін бірыңғай ақпараттық платформаны іске қосу жоспарланып отыр.
Күлпаршын Айдарханова Жолдаудағы шағын және орта бизнеске, отандық өнілірске қолдау бағыттарына тоқталды. Сонымен бірге инфрақұрылымды жаңғырту, «Халықтық құрылыс» бастамаларын сөз етті.
— Мемлекет басшысы 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынып, барлық өңірде әлеуметтік нысандар, көлік инфрақұрылымы, коммуналдық желілер мен тұрғын үй құрылысы бойынша ірі жобалар іске асырылатынын мәлімдеді. Бағдарлама аясында Ақтөбе облысында да 200 орындық көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған. Бұл жобалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға, экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғаны сөзсіз, — деді Күлпаршын Айдарханова.
Кездесу барысында қатысушылар партия мүшелерімен Жолдауда белгіленген бастамаларды жүзеге асыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және еңбек ұжымының алдында тұрған міндеттер жөнінде пікір алмасты.
Мейрамгүл Рахатқызы