Отбасы құндылығы — конституция қорғауында

Жаңа Конституциясының қабылдануы қоғамдағы ең маңызды құндылықтарға баса назар аудартты. Ата Заңдағы өзгерістердің түпкі мәні адамның қадір-қасиетін, қауіпсіздігін және құқықтарын нақты қорғауға бағытталады. Саяси маңызды құжаттың жаңартылған мазмұнында адам құқығын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайды. Атап айтқанда, 1-бапта адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп бекітілді. Бұл қағида тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушіліктің Конституциялық негізін қалыптастырды. Сондай-ақ Ата Заңның 17-бабында әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, ешкімнің зорлық-зомбылыққа, қатыгез немесе адамдық қадірді қорлайтын әрекеттерге ұшырамауға тиіс екені нақты көрсетілген. Бұл норма отбасындағы зорлық-зомбылықты ақтауға немесе жеке мәселе деп қарауға жол бермейді. Кейінгі жылдары қоғамда неке мен отбасы тақырыбы да кеңінен талқыланып жүр. Конституцияда неке мен отбасы мемлекеттің қорғауында болатыны заңмен бекітілген. Отбасыны қорғау зорлыққа көз жұму деген сөз емес. Керісінше, мемлекет үшін ең бастысы — отбасы мүшелерінің, әсіресе әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мен құқығы басты назарда. Ата Заңның қағидаттары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы саясатты күшейтті. Нәтижесінде нақты заң қабылданып, дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталып отыр.
Осы тұста дағдарыс орталықтарының рөлі айрықша маңызға ие. Мұндай орталықтар зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға уақытша қауіпсіз баспана, психологиялық қолдау, құқықтық кеңес, әлеуметтік бейімдеу қызметтерін көрсетеді. Ең бастысы, дағдарыс орталықтары жәбірленушіге таңдау мүмкіндігін береді: қорқынышта қалу емес, қауіпсіз өмірге қадам жасау.
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек полицияның немесе әлеуметтік қызметтің міндеті емес. Бұл — Конституцияға негізделген ортақ жауапкершілік. Қоғам, мемлекет және әрбір азамат зорлық-зомбылыққа қарсы күрескенде ғана нақты нәтиже болады.

Раиса Байлиева, қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтың басшысы.