Жаңа жетістіктердің бастамасы болсын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында атом электр станциясына қатысты сөз қозғады. Ол осы мәселе бойынша Жалпыұлттық референдум қашан өтетінін айтты.

  • «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай ұмтылуымыз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр станциясын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек», — деді Президент.

 

АЭС не үшін қажет?

Қазақстанда АЭС салу қажеттілігі бірнеше негізгі себептерге байланысты. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екінші мәселе — елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін станциялар экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады. 2023 жылы Қазақстан Ресейден 3,4 миллиард кВт сағ электр энергиясын импорттап, бұл елдегі электр энергиясының 20%-ын құрады. Осыған байланысты, АЭС тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде қарастырылып отыр.

Үшіншіден, АЭС-тің құрылысы Қазақстанның көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай станциялар экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде елдің парниктік газдарды азайту бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауына көмектеседі. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығы

на жету Қазақстанның басты экологиялық мақсаттарының бірі. Бұл әрине бірден оңайлықпен шешіле салатын мәселе емес екендігі бәрімізге белгілі. Сол себепті д

е Мемлекет басшысы халықтың пікірімен санасуды жөн көріп, референдум өткізгелі отыр. Жуырда елімізде өтетін саяси шарадан соң, дұрыс шешім қабылданады деп ойлаймын.

 

 

Г.Бозанова,

В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің

физика пәні мұғалімі