Ырым-тыйым – әдептілік негізі
Маржанбұлақ ауылдық округіндегі мектептерде жоспарға сәйкес ұлттық тәлім-тәрбиені дәріптеу мақсатында жоғары сыныпта оқитын қыз балаларға арналған тәрбие сағаттары өтуде. Аталмыш шаралар легінің алғашқысы 11 қараша күні Маржанбұлақ орта мектебінде өтті.
«Ырым-тыйым – әдептілік негізі» атты тәрбие сағатына «Қазақ аналары-Дәстүрге жол» Республикалық Қоғамдық бірлестігі Алға ауданы филиалы, Маржанбұлақ ауылы бөлімшесінің төрайымы, «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Қашқынбаева Жұмақыз Ізбасқызы, қоғамдық бірлестіктің мүшелері Қайырғазина Рахима Сүйінғалиқызы, Аймағамбетова Алма Жалғасбайқызы және оқушылардың әжелері Абраманова Тыныштық Алғазықызы, Мушалова Ақжазық Жұбанышқызы қонақ ретінде қатысып, ғибратқа толы ақыл-кеңестерін берді. Шараға 8-9 сыныптың қыз балалары қатысып, қонақтарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды, бойларындағы өнерлерін көрсетті.
Ата-бабаларымыз ерте замандардан бері қыз баласының тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі, бәрімізге белгілі қыз – ол ұрпақ тәрбиелейтін болашақ ана. Егер қыз баланың тәрбиесіне жастайынан мән берілмесе, өте кеш болады. Қаракөз қыздарымызды туғаннан бастап бой жеткенге дейін тазалыққа, әдептілікке, сыпайылыққа, мейірімділікке, жинақылыққа үйреткен абзал. Ұлт болашағы, осы қыздарымызға тікелей байланысты. Әсіресе, бүгінгі күнгі жастарымызға соның ішінде қыздарымыздың тәрбиесіне көп мән беруіміз қажет. Осындай қыз балалардың тәлім-тәрбиесіне, ырым-тыйымдарына қатысты аталмыш шарада маңызды өзекті мәселелер талқыланды. Жүректерінде иман мен бойларында қазына тұнған асыл әжелеріміз бен апаларымыз оқушыларға ақылдарын айтып, тек жақсы игі істерге бастайтын жол сілтеді. Ырым-тыйымдардың адам өмірінде қаншалықты орын алатындығын да түсіндіріп өтті.
Шара қонағы Жұмақыз Ізбасқызы қыз тәрбиесіне қатысты өзінің ойымен бөлісіп, ырым-тыйымдарға тоқталды:
— Қазақ қыздары қашанда өз ұлтының намысын қолдан бермейтін, әдептен аттамайтын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, ата-анасын, жақындарын ұятқа қалдырмайтын сондай нәзік, сыпайы, қараса көз тоймайтын, мақтағанда сөз жетпейтіндей ақылына көркі сай болуы керек. Ешқашан жаман жолға түспей, әрқашан ар-намысына берік, туған елінің мақтанышы, бетке ұстары болуға талпынуы қажет, — деді.
Ырым-тыйымдардың бала тәрбиесінде алар орны зор, соның ішінде қыз балаларға қатысты айтылғандарының орны бөлек. Себебі, олар салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Ұрпағымыз ұлттық мұраларамызды дәріптейтін, ырым-тыйымдарымызды ұстанатын саналы да, тәрбиелі болсын!
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ