Қазақтың ырымдары

 Үшкір бұрыштарға ұрынбай өмір сүру философиясы

Тарихтың тереңіне үңілгенде, оның құндылығы көне жазбалардан сыр шертетіндей көрінеді. Архивтерді ақтарып, шаң басқан құжаттардан дерек іздеген зерттеушілер бұл ақиқатты жақсы түсінеді. Бірақ жазуы жоқ халықтың да жүріп өткен жолы, ұстанған салты, тіршілік қағидаттары болған. Ол олардың күнделікті өмірінде, дәстүрінде, айтқан әні мен өрнектеген бұйымында сақталған. Біз – сондай халықпыз. Әр өрнегімізде, әр салтымызда үнсіз жазылған тарихымыз бар.

Қазақ халқының тұрмысында қолданылған қарапайым заттарды зерделеу арқылы тіршіліктің терең қағидаттарын аңғаруға болады. Әуел бастан-ақ халқымыз өмірді текетіреске емес, өзара түсіністік пен ортақ мәмілеге негіздеп, бейбіт өмір сүруді мұрат тұтқан. Әрбір әрекеті теңдік пен татулыққа, ортақ мүддеге жұмылуға бағытталып, оқыс жағдайларды ушықтырмауға негізделген. Бұл көзқарас – өмірдің үшкір бұрыштарын айналып өтетін даналықтың көрінісі. Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл философия «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» деген сөздермен тамырлас, уақыттың сынынан өткен терең тағылымның айғағы.

Киіз үй – ғаламның моделі

Ақын, журналист, аудармашы Күләш Ахметованың:

«Қазақ деген халық бөлек, ел бөлек.

Қазақ жүрген соқпақ бөлек, жол бөлек.

Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,

Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек» деген сөздер де сол қағидаттан хабар береді.

Киіз үй – біз үшін тек қана үй емес, жайлы орнымыз, мәңгілік құтты мекеніміз. Ақын оны Жер ғаламшарына ұқсатып сипаттайды, бұл салыстыру тегін емес. Шынымен де, қазақтың киіз үйі – әлемнің шағын үлгісі, ғалам мен адамды ұштастыратын қасиетті кеңістік. Киіз үйдің ішкі кеңістігі – қазақтың терең таным-түсінігі тоғысқан орын. Ғасырлар бойы адам өмірінің барша маңызды кезеңдері осы жерде өтіп жатты: дүниеге келу, отау тігу, соңғы сапарға шығу. Яғни, даладағы тіршілікті санамағанда, өмірдің басым бөлігі осы шаңырақ астында өтті. Оның қасиеті мен мағынасы туралы ой толғасақ, бәрі де киелі шаңырақтан бастау алады.

Қазақ үшін шаңырақ – қасиетті әрі көп қырлы ұғым. Ол, бір жағынан, Күннің белгісі болса, ал керілген уықтары – Күннен таралған шұғылаларды бейнелейді. Екінші жағынан, шаңырақ – отбасының нышаны. Шаңырақ көтеру – азамат атанып, ел қатарлы болуды білдіреді. Үй тіккенде, шаңырақты көтеруді сол әулеттің абыройлы, қадірлі ер-азаматына сеніп тапсырған. Шаңырақтың шайқалмай, мықтап орнатылуы мен уықтардың дұрыс әрі жылдам қадамдалуын жақсылықтың нышаны деп қабылдаған. Оның астында тұратындар ұйымшыл, ауызбіршілігі мол болады, ол шаңырақтан шыққандарға бауырмалдық, мейірімділік қасиеттер сіңеді деп сенген.

Бұл сенім ұлт бойында сақталып, қазіргі қоғамды ұйыстыруға (топтастыруға), ортақ мақсатқа жұмылдыруға қызмет етуде. Мұның бірқатары Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында айтылып, бірегей бастамалардың қолға алынуына түрткі болды. Ассамблея ұсынған «Қазақтану» бағдарламасы да қазақ халқының бейбітсүйгіш, дархан, жанашыр әрі қамқор қасиеттерін ұлан-ғайыр дала – Қазақстан шаңырағының астында өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің бойына дарытуды көздейді.

Қазақ тұрмысына тән киіз үй, шаңырақ, ошақ, қазан, таба нан секілді тұрмыстық дүниелердің әрқайсысында ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан терең рухани мазмұны жатыр. Қазіргі таңда бұл жәдігерлерді тек музейлер мен кинолардан ғана көріп өскен жас ұрпаққа олардың халқымыз үшін қаншалықты қасиетті екенін жеткізу – аға буынның мойнындағы басты борыштардың бірі. Жастардың назарын аударуда олардың қызығушылығын оятып, жалықтырмайтын, ұғынықты тәсілдерді таңдау маңызды. Құрғақ теориядан гөрі, өмірден алынған шынайы мысалдар мен тәжірибеге сүйену – осы мақсатқа жетудің ең тиімді әрі ұтымды жолы болмақ.

Кезінде көп көшіп-қонған ата-бабаларымыздың күйбең тіршілігі қазір ойлағандарға жеңіл болып көрінуі мүмкін. Алайда үй жығып, үй тігу, көшу, жаңа қонысқа орналасу, отағасының жерошақ қазып, отанасының қазан орнатуы кинодағыдай болып көрінгенімен, ол кезде романтикасынан гөрі қиындықтары көп болған. Үй тігу, кереге керу, шаңырақ көтеру, уық шаншу, туырлық жабу, белдеу тарту сияқты жұмыстарды көзбен көріп, шамасы келгенше қолғабыс жасаған ата-әжелеріміз, өскелең ұрпақ біліп жүрсін деді ме екен, шаңырақты көтергенде бақанның екiншi ұшы тиген жерге, яғни үйдiң дәл ортасына ошақ орналасуы керектігін айтатын.

Қазан – береке мен молшылық нышаны

Ошақтың бос тұрмауы керектігі де осыдан тараған. Ошақты қойған соң, бірден қазанды орнатып, ішіне сүт құйып, пісіретін. Кейде су құятын. Жалпы ырымшыл халық болғандықтан, қазанның бос тұруы жаман ырымға саналатынын кейінгі ұрпақ білуі керек.

Қазан – «құт» деген түсiнiктi беретін символ. Көшпенділер өмірінде қазанның орны бөлек. Қазансыз отбасы жоқ, ошақ та жоқ, үй де жоқ. Қазақ халқының қазанды отбасы мен ұрпақ қамымен бірге атауы тегін емес. Махамбеттің «қара қазан, сары бала қамы» үшін «егеулі найза қолға алғаны» да осының дәлелі. Қазанның қыздың жасауына міндетті түрде қосылуы да оның маңыздылығын аңғартады. Қай жерге көшсе де қазанын қалдырмай алып жүру дәстүрі бүгінгі күнге дейін үзілмей жетті.

Қазақ халқы үшін қазан – бірлік пен қонақжайлықтың нышаны іспетті. Қазанды татулықтың белгiсi ретiнде танытатын аңыздардың бiрi: «жауласқан мың батырдың найзасының ұшы ерiтiлiп, қазан құйылған екен» деп басталады. Бұл – қазанның бейбітшілік пен келісімнің рәмізі ретінде қабылдануының негізділігін айқындай түседі.

Қазанның бiзге жеткен керемет үлгiсi – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған қасиетті Тайқазан. Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігер ұзақ жылдар бойы Эрмитажда тұрып, жұртшылықтың талабы бойынша елге қайтарылғаны белгілі.

Ғылыми деректерге сүйенсек, бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20-шаууал), Түркістан қаласының батысында 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың, атап айтсақ мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 м, диаметрі – 2,42 м. Тұғырының биіктігі – 0,54 м, диаметрі – 0,607 м.

Кесенедегі Тайқазан «сақ» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен жалғасып келгені деректермен дәлелденген. Қоғамдық санасы жоғары, отбасы құндылықтарын қадірлеген қауымдар үшін қазан – мемлекеттіліктің, ырыс пен ынтымақтың, байлықтың және елдіктің белгісі болып саналған.

Бұл күнде Тайқазан өзінің құтты орнында, қазақ халқының, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың, қала берді күллі түркі жұртының берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.

Қорытындылай келе, әрбір қазақ отбасы үшін қазанның орны ерекше екені айдан анық. Ол – тек ас пісіретін құрал ғана емес, отбасының берекесі мен аман-есендігін, бірлігін символдайтын киелі мүлік. Дана халқымыз үшін қазан – амандықтың, ырыс пен құттың, татулықтың белгісі. Қазанның шаңырақта болуы, сыртта қалмай, үйге қайтып оралуы үлкен мәнге ие. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ырым мен сенімнің нәтижесі. Халқымыз қазан арқылы үй ішіндегі келісімді, татулықты, қамқорлық пен сыйластықты сақтап, оның киелі орнын әрқашан қастерлеп келген.

 P.S: Сонымен, «үшкір бұрыштарға ұрынбай өмір сүру» дегенде, қазақ халқының тыныш, бейбіт өмір сүру философиясы айтылып тұр. Бұл өмірдің қақтығыстар мен қиындықтардан аулақ, ұсақ-түйек мәселелерге мән бермей, үйлесімділік пен татулықта болу қажеттігін білдіреді. Бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, қиындықтарда тірек бола отырып, татулықты сақтаған кезде ғана қоғамда береке орнайды. Тату тәтті тұрып, бір-бірімізді қуанту — бақытты өмір сүрудің бірден-бір жолы екенін ұмытпайық.

 

Мадина БОЛАТБЕК