ЖАРҚЫРА, ЖАЙНА ЖАҢА ЖЫЛ!

Жаңа жыл – ескі жылда атқарған істеріне есеп беріп, келер жылға үлкен үміт артатын, көңілдерге ерекше сезімдер орнайтын, әрбір адам балаша қуанатын мерекелердің бірі. Мерекеге орай тек аудан орталығында ғана емес, сонымен қатар ауылдық округтерде де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың ішінде қайырымдылыққа арналғандары да аз емес.

  • 31 желтоқсан күні Орталық алаңда Жаңа жыл мерекесіне арналған «Жаңа жылмен жарқырайық!» атты мерекелік концерт өтті. Әр мекеменің көркемөнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің киімін киген өнерпаздар тұрғындарға ерекше әсер қалдыра білді. Мерекелік шараға қатысушылар арасында ойындар ойнатып, сыйлықтар табыстады. Қала тұрғындары мен қонақтары Жаңа жылды отбасылық дастархан басында қарсы алғанға дейін күннің суығына қарамастан біраз сергіп, көңіл көтерді.
  • 30 желтоқсан күні Бестамақ мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен балаларға арналған «Жақсылықпен кел, Жаңа жыл!» жаңа жылдық мерекелік шара ұйымдастырылды. Жаңа жыл бүлдіршіндердің айрықша асыға күтетін мерекесі. Мерекелік кешке қатысқан балалар әсем ән мен тәтті күйден шашу шашты. Түрлі кейіпкер бейнесін сомдаған жас жеткіншектер ойындар ойнатып, балалардың көңілінен шығуға тырысты. Сондай-ақ заманауи билер мен ойындар балалардың көңілін көтерді. Өнер көрсеткен балалар Аяз ата мен Ақша қардан сыйлық алып, қуанышқа бөленді. Бұдан соң жаңа жылдық кешке қатысқан барлық балаларға мәдениет үйі ұжымының дайындаған сыйлықтары таратылды.
  • Қарақұдық ауылдық округінде жаңа-жыл қарсаңында әкімшілік қызметкерлері мен мәдениет үйінің қызметкерлері ауылдың балаларына сыйлық табыстады. Балалардың қуанышында шек жоқ, Аяз атаға тақпақтары мен өлеңдерін айтып сыйлықтарын алды.
  • 30 желтоқсан күні Маржанбұлақ ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен шаруа қожалық басшыларының демеушілігімен ауыл қарттарына, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қош келдің — жаңа жыл 2025» атты мерекелік іс-шара өтті.
  • Сарықобда ауылдық округінің мектебінде жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды.

Сарықобда ауылдық округінің мектебінде балалар үшін ерекше жаңа жылдық іс-шара өтті. Мектепте өткен мерекелік шара балаларға қуаныш сыйлап, жаңа жылдық көңіл-күйді сезіндірді. Ал Аяз ата мен Ақшақардың ауыл үйлерін аралап, балаларға сыйлықтар таратқаны бұл күнді одан әрі ерекше етті. Мектептегі мерекелік бағдарлама барысында балалар түрлі өнерлерін көрсетті: ән айтып, тақпақ оқыды, би биледі. Аяз ата мен Ақшақар балалардың өнеріне тәнті болып, оларды тәттілермен және сыйлықтармен марапаттады. Әр сынып өздерінің шағын көріністерін қойып, мерекелік атмосфераны жандандырды. Іс-шараның басты мақсаты – балаларды шаттыққа бөлеу, оларға жаңа жылдың сиқырлы қуанышын сезіндіру болды. Әсіресе, Аяз ата мен Ақшақардың ауылдың әр үйін аралап, балаларға арнайы дайындалған сыйлықтарды таратуы – балалардың есінде мәңгілікке сақталатын ерекше сәттердің бірі болды. Ата-аналар мен ауыл тұрғындары бұл шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына және қолдау білдірген жергілікті әкімдікке өз алғыстарын жеткізді. «Бүгінгі мерекелік іс-шара балалар үшін үлкен қуаныш. Осындай шаралар ауылымыздағы достық пен бірлікті нығайтады,» – деді ата-аналардың бірі. Сарықобда ауылдық округінің бұл жаңа жылдық мерекесі балалардың ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындарының жүздеріне шаттық ұялатты.

  • Жаңа жыл мерекесіне орай Тамды ауылдық округіндегі мектеп жасына дейінгі 200 оқушыға 500 мың теңгеге демеушілікпен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар Тамды орта мектебі, Талдысай негізгі мектебі, Еркінкүш бастауыш мектебі, «Жұлдыз-ай» бөбекжай балабақшасында жаңа жылдық ертеңгілік іс-шаралары өткізілді. Округ әкімі Аманкелді Сейдалиев құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына Жаңа жылда табыстар тіледі.

 

  • Тоқмансай ауылдық округі бойынша да Жаңа жылды қарсы алуға арналған мерекелік шаралар өткізілді. Жаңа жыл — әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Ересек адамның өзіне кішкене балалық шаққа саяхат сыйлайтын мереке. Ауылымыздың  бала-бақшасы мен мектептерінде де балаларға арналған жаңа жылдық шырша жылдан жылға ерекшеленіп өте жоғары деңгейде тойланды. Кәсіпкерлермен ата-аналардың демеушілігімен балаларға сыйлықтар таратылды. Бүгін мәдениет үйінде ауыл әкімінің  құттықтау сөзімен басталып, жыл қорытындысында ауылдың көркейюіне және дамуына атсалысқан, өз міндеттерін аса жауапкершілікпен орындайтын  бірнеше ауыл азаматттары мен азаматшалары алғыс хаттармен марапатталып сыйлықтар берілді. «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік концертпен жалғасты. Көрермендер қатары тек балалармен ғана емес ауыл үлкендерінің де саны көп болды.

 

Мейірімділік жүректен

 Ізгі іс жасау – жүрек кеңдігінің белгісі. Кез-келген адамға қуаныш сыйлау – сауапты іс. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға аса бір қамқорлық танытып, қайырымдылық жасауға асығып тұрған абзалырақ. Осындай ұстанымды ұстанған Алға аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Рыскүл Минбаева Жаңа жыл қарсаңында мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында Алға қаласында, Ақай, Қарабұлақ, Тоқмансай  ауылының әкімдерімен бірге ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ақай ауылдық округінде 10, Қарабұлақ ауылында 12, Тоқмансай ауылында 15 балаға қуаныш сыйлады. Құттықтау сәтін де ерекше есте қаларлықтай етіп аниматорлармен әсем әуен ырғағымен ұйымдастырды.

«Жұлдыз-ақпарат»