Жаңа жыл қарсаңындағы қос жаңалық.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа нысандар салынды. Жаңа жыл қарсаңында Алға ауданына қарасты екі ауылда қуанышты жаңалық орын алды. Қарабұлақ пен Тоқмансайлықтар енді денсаулығын дер кезінде заманауи талаптарға сай салынған медициналық пункттерде тексерте алады.
Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қарабұлақ ауылындағы медициналық пункттің заманауи ғимаратында 340 ауыл тұрғынына қызмет көрсетіледі. Мұнда медбике, санитар және күзетші жұмыс істейді. Нысан күніне 25 келушіге арналған. Медициналық мекемеде қабылдау бөлімі, ем қабылдау, егу, сүзгі және терапия бөлмелері ұйымдастырылған.
- «Мен зейнеткерлікке шыққанға дейін осы ауылда медбике болып жұмыс істедім. Қазір 70 жастамын. Бүгін жаңа медициналық пункттің ашылғанына куә болғаныма өте қуаныштымын. Мен әрқашан жас мамандарға көмектесуге тырысамын. Оларға мұнда пациенттерді қабылдауға ыңғайлы. Біздің Қарабұлақта егде жастағы тұрғындар көп. Олардың денсаулығы жастардың қолында», — деді Дариға Ахметова.
Ал Тоқмансай ауылында медициналық пункттің құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталды. Бір қабатты ғимаратта 3 қызметкер жұмыс істейді. Медициналық мекемеде күніне 25 келушіге 300 ауыл тұрғынына қызмет көрсетіледі.
Мәншүк САПАРОВА