Алға ауданында «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері тыңдалды. Іс-шара барысында тұрғын үй, инватакси қызметі, тегін дәрі-дәрмекке рецепт алу сияқты маңызды мәселелер көтерілді.

 

Қабылдауға қатысушылардың көбі тұрғын үй мәселесін шешуді сұрады. Олар үшін қолжетімді тұрғын үйдің тапшылығы әлі де өзекті болып отыр. Сонымен қатар, инватакси қызметінің қолжетімділігі мен сапасы да көпшіліктің назарын аударды. Аталмыш қызметті жақсарту қажеттілігі сөз болды. Тегін дәрі-дәрмектерге рецепт алу мәселесі де шешілуі тиіс қажеттіліктердің бірі ретінде атап өтілді.

Қоғамдық қабылдауға аудандық әлеуметтік сала бөлімдерінің басшылары қатысты. Олар әрбір мәселеге қатысты тиісті түсініктемелер беріп, шешім қабылдау жолдарын талқылады. Қабылдауда 12 адам қамтылды, олар өздерінің мәселелерін көтеріп, тиісті мамандардан кеңестер алды.

Іс-шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда толыққанды өмір сүруі үшін жағдай жасау және олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер партия өкілдері тарапынан жіті назарға алынып, алдағы уақытта шешу жолдары қарастырылатын болады.
                                   Мадина ТАЖИБЕКОВА