“Атамекен” студенттер отрядының жастар қоғамдық бірлестігі 2025 жылдың ХХІ жаңа еңбек кезеңінде жастарды еңбекке баулу, жігерлендіру мақсатында жастардан құралған студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары көктемгі маусымдағы өз жұмысын бастады. Жұмысқа алынған жастар құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, келісім шартқа қол қойды.

Ауданымызда «Жасыл ел» көктемгі маусымына сәуір айы бойынша 5 жас жұмыспен қамтылды. 1 айлық келісім-шарт «City building KZ» ЖШС-мен бекітілді. «Жасыл ел» жастары Алға қаласындағы Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан №18 көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Алға аудандық жастар ресурстық орталығының жаңа басшысы Ақжайық Жомартұлы еңбек жасақтарының жастарымен кездесіп, жұмыс барысын қадағалады. Ол кездесу барысында жұмыс уақытының қатаң сақталуы, жеке бас қауіпсіздігінің сақталуы және жұмысқа жауапкершілік таныту туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Жасыл ел» еңбек жасақтары 16-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастарды мамыр айынан бастап жасыл бастамаларға жұмысқа шақырады. Толық ақпарат алу үшін Алға қаласы, Айымбаева 32-ші үйде орналасқан Alga Jastar ресурстық орталығына жолыға аласыздар.

«Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асқанына да биыл 20 жыл. Осы жылдар ішінде еліміздегі қаншама жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, еңбекке баулу, жұмыссыздықты жою, үлкен өмірге қадам басуға дайындайтын мақсаты бар бұл жобаның берері көп болды. Өйткені, қаншама жылдардан бері жастарымыз уақытша маусымдық жұмысты жасай отырып табыс тауып, ата-аналарына артық салмақ түсірмей келеді. Сонымен қатар әркім өздері тұратын мекендерінің тазалығына, гүлденуіне үлес қосып келеді.

                                Марал САНДЫБАЙ