Ақтөбе облысының білім басқармасы ұйымдастырған және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қолға алынған «Құқықтық мәдениет» республикалық акциясы аясында ата-аналар мектептерде кезекшілік атқаруды бастап кетті. 1 сәуірден бастап оқу жылының соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында өтетін бұл шараның мақсаты — мектептерде тәртіпті нығайтып, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Алға ауданындағы №3 Алға қазақ орта мектебі осы акцияны іске асыруда алғашқылардың қатарында. IV тоқсанның алғашқы аптасында мектепте екі ауысым бойынша төрт ата-ана кезекшілікке қатысты. Олар мектеп ішіндегі тәртіпті бақылап, сыныптарды аралап шықты. Кезекшілікке қатысқан ата-аналардың бірі, 9-сынып оқушысының анасы Ақмарал Есказина, өз пікірін білдіріп, шараның маңыздылығын атап өтті.

Ақмарал Есказина ата-аналар үшін бұл жаңалықтың маңызды екенін және оны толықтай қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, мектеп ережелеріне бағынбайтын оқушылар аз емес. Кейбір оқушылар мектеп формасын сақтамайды, сабаққа кешігіп келеді, ал қыздардың бір бөлігі мектепке боянып келеді. Бұл мәселелерді ата-ана ретінде өз көзқарасымен түсіндіре отырып, ол бәріне бірдей кінә тақпауға шақырды. Алайда ережелерді бұзу, оның айтуынша, оқушылар арасында жиі кездеседі.

  • Бұл бастама өте тиімдідеп санаймын. Себебі, мектеп ұжымына қолдау көрсетіп, балаларымыздың тәртібі мен тәрбиесіне аз да болса үлес қосып жатқанымызды сезінеміз. Мектепте тәртіп сақтау үшін тек мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінің ғана күші жеткіліксіз, біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетуіміз керек, — деді Ақмарал Есказина.

Бұл акцияның басты мақсаты — мектептердегі құқықтық мәдениетті арттыру және ата-аналардың оқу үдерісіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Кезекшілік барысында мектеп ұжымымен тығыз байланыс орнатып, ата-аналар балалардың тәртібін жақсартуға бағытталған жұмыстарға атсалысады.

Ата-аналар кезекшілігі тәртіпті сақтау және балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін маңызды қадам болып табылады. Бұл шараның нәтижесінде оқушылардың мектепке деген жауапкершілігі артып, ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық нығаяды деген сенімдеміз.

                      Мадина ТАЖИБЕКОВА