17 сәуір күні Алға аудандық орталықтандырылған кітапханасының ұйымдастыруымен кітапхана ғимаратында белгілі ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, І.Мәмбетов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Гүлімай Әбішқызымен «Өнерім-өмірім» атты кездесу кеші өтті.
Гүлімай Әбішқызы 1970 жылы 1 қаңтарда Шалқар ауданы Аяққұм елдімекенінде дүниеге келген. 1984 жылдан бастап алғашқы өлеңдері «Пионер», «Жалын», «Қазақтан әйелдері» журналдарына жарияланып, ал 2011 жылы алғашқы жыр жинағы «Ай қызы — арман» жарыққа шыққан. Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әсем әндерін Тамды ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары орындап, кітапхана қызметкерлері мен Алға қаласындағы №2, №3 орта мектептің оқушылары өлеңдерін оқыды. Ақын жуырда жарыққа шыққан «Ер Едіге» атты балаларға арналған жаңа кітабы туралы таныстырды. Кеш соңында аталмыш кітаптан жасырылған жұмбақты шешкен бір көрерменге «Ер Едіге» құнды кітабын сыйға тартып, қуанышқа бөледі. Шара қонақтары Қ.Жұбанов атындағы АӨУ, филология факультеті, «Қазақ әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы Сақыпжамал Жаянқызы мен кәсіпкер, меценат Райгүл Алданышқызы ақынның болмысы, қазақ поэзиясынан алар орны туралы айтып, осындай әдемі кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыстарын да жаудырды. Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Баймұрат Жаналин Гүлімай Әбішқызына Алғыс хат, сыйлық табыс етті.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ