Биыл – ел тарихындағы ұмытылмас оқиға – Ұлы жеңіске 80 жыл. Жеңіс жолында миллиондаған жан құрбан болды, сансыз тағдыр өртенді. Сол сұрапыл соғыста ерен ерлігімен тарихта қалғандардың бірі – қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова. Биыл оның туғанына 100 жыл толып отыр. Әлия — батырлық пен батылдықтың символына айналған есім. Оның ерлігі — бір ғана ұлтқа емес, тұтас адамзатқа үлгі. Жасындай жарқ етіп, өмірін ұлтының болашағы үшін қиған арудың есімі ел жадында мәңгі сақталмақ. Осы бір тағылымы терең, тарихи мәні зор даталар аясында Алға ауданында қыздар арасында әскери-патриоттық бағытта «Мерген ару» сайысы өтті. Бұл — жауынгер рухты жалғаған, Әлиядай батыр арулардың жолын жалғастыратын жастардың жарысы болды.

 

 

 

 

 

 

Алға қаласында өткен «Мерген ару» аудандық сайысы – әскери-патриоттық тәрбиені насихаттайтын, жастарды отансүйгіштік пен елжандылыққа баулитын тағылымды шара болды. Қатысушылар саны – 75 адам. Байқауға Алға қаласының 5 мектеп, Алға аграрлық-техникалық колледжі, ДЮСШ, «Мансап» орталығы және Маржанбұлақ, Бестамақ, Тамды, Үшқұдық, Тоқмансай, Қарақобда, Бесқоспа, Сарықобда, Қарақұдық ауылдық округтерінің өкілдері қатысты.

Сайыстың мақсаты – ұлттың даңқты батырларын ұлықтап, жастарды патриотизмге, ерлікке, елге қызмет етуге баулу. Әсіресе, сайыс Әлия Молдағұлова сынды арулардың батырлығын бүгінгі ұрпаққа үлгі етуге арналды.

Ашылу салтанатында Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі:

  • Елін сүйген ұрпақ қана – ертеңгі ел тірегі. Бүгінгі байқау – қазақтың батыр қызы Әлиядай аруларымыздың ерлігін жас ұрпақтың бойына сіңіруге арналған тағылымды іс. Ерлік пен патриотизм – тек майданда емес, бейбіт өмірде де қажет, – деді ол.

Дәлдік пен ептілікті талап ететін нысана көздеу (тіреп және тіреусіз ату) спорт түрінен сайысқа түскен қатысушылар екі жас ерекшелігіне қарай бөлініп бақ сынады: 15-25 жас және 26-35 жас аралығындағы топтар. Сонымен қатар, сайыс тіреп ату және тіреусіз ату бағыттарында ұйымдастырылды. Бұл — қыздардың дәлдік, сабырлылық, зейін мен шапшаңдық сынды қасиеттерін шыңдауға бағытталған. Байқау барысында арулар өздерінің тек мергендік қабілеттерін ғана емес, нағыз жауынгер қыздарға тән рухани және физикалық дайындықтарын көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша үздіктер марапатталды. Атап айтсақ…

Тіреп ату (15-25 жас аралығы):
Бұл санатта №4 Алға орта мектебінің оқушылары ерекше көзге түсті. Хадиша Хацкевич нысанаға дәл тигізу арқылы нағыз мерген екенін дәлелдесе, Нұрай Нуриедин шапшаңдығы мен сабырлылығы арқасында ІІ орынға қол жеткізді. Саяжан Мамбетбаева да қатарластарынан қалыспай, №3 Алға қазақ орта мектебінің үмітін ақтап, үздік үштікке енді.

 Тіреп ату (26-35 жас аралығы):
Бұл санатта да бәсеке жоғары деңгейде өтті. №4 Алға орта мектебінің атынан қатысқан Данагүл Кемал мүлт кетпеген шеберлігімен дараланып І орынды қанжығасына байлады. ІІ орын – Бестамақ ауылдық округінің намысын қорғап келген Гаухар Балмагамбетова бұйырып, жүлдегер атанды. Динара Мусрали ІІІ орынға ие болып, №4 Алға орта мектебінің қоржынына тағы бір жүлде әкеліп салды.

Тіреусіз ату (15-25 жас аралығы):
Бұл санатта тұрақтылық пен тепе-теңдік сынға түсті. І орын – Аружан Бекболатова, №4 мектептің мақтанышына айналды. ІІ орын – Алина Копущу, жоғары дайындық пен көз ілеспес жылдамдық көрсетті. ІІІ орын – Хадиша Хацкевич, қос санатта да үздіктер қатарынан көрінуі – оның дайындық деңгейінің жоғары екенін айғақтады.

Тіреусіз ату (26-35 жас аралығы):
Бұл жерде де топ жарған Данагүл Кемал екі түрлі санатта да жеңімпаз атанып, нағыз кәсібиліктің үлгісін көрсетті. ІІ орын Бесқоспа ауылдық округінің намысын абыроймен қорғаған Айжан Булековаға, ал ІІІ орын Сарыхобда округінен қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген Алтынай Сокуроваға бұйырды.

Алға жерінде өткен бұл байқау – жастарға патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі болды. Осындай тағылымды шаралар жиі өткізіліп тұрса, ертеңгі ұрпақ ел мен жерді қадірлейтін, рухы мықты азамат болып өсері анық.

                           Мадина ТАЖИБЕКОВА