Мәселелер мен міндеттер тоғысы

 

Алға аудандық мәслихатының кезектен тыс отыз төртінші сессиясы – аудан өміріне тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралған мазмұнды жиын ретінде тарихта қалмақ. Бұл сессия — күн тәртібіндегі мәселелердің көптігімен ғана емес, әрбір шешімнің халық мүддесіне бағытталуымен де ерекшеленді.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 10-бабы 2-тармағына сәйкес өткен бұл отырыста аудан аумағындағы қалалық және ауылдық округтердің 2025-2027 жылдарға арналған бюджеттеріне енгізілетін өзгерістер жан-жақты талқыланды.

Сессия барысында Алға қаласы мен Ақай, Бестамақ, Қарабұлақ, Қарақұдық, Қарақобда, Маржанбұлақ, Сарықобда, Тамды, Тоқмансай, Үшқұдық ауылдық округтерінің әкімдері өздерінің округтеріне қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Бұл өзгерістер, негізінен, ауылішілік жолдарды жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Мәселен, Қарақобда ауылында көптен күткен жаңалық — ауылдың барлық көшелеріне тас жол төселмек. Бұл — ауыл халқы үшін ерекше қуаныш әрі ұзақ жылғы үміттің нәтижесі. Ақай ауылдық округінде де инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған маңызды жоба қолға алынбақ. Ұзындығы 6 шақырым, ені 6 метрді құрайтын Ақай-Көлтабан автомобиль жолын жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 15 321 000 теңге сұралды. Алайда, бұл сұрақтың тиімді әрі әділ шешім табуы үшін аудандық мәслихат депутаты Б.Сейтенов мәселені бақылауға алуды сұрады. Сонымен қатар Сарықобда ауылдық округіне қарасты Болгарка ауылындағы саябақты абаттандыру жоспарлануда. Аудандық бюджеттен бөлінетін 14968,0 мың теңгеге сахнаны орнату, брусчатка төсеу, шарбақпен қоршау кіреді.

Сессияның тағы бір маңызды сәті – «Алға ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныстың қаралуы болды. Бұл мәртебелі атаққа ұсынылған азамат – Бестамақ ауылының тумасы, 1942 жылы дүниеге келген Ахмет Аманжол Ерғалиұлы. Өмірін еңбекпен өрнектеген ақсақал теміржол бекетінде қарапайым жұмысшыдан бастап, тракторист, инженер, партия комитетінің хатшысы, Бестамақ селолық атқару комитетінің төрағасы қызметіне дейін сатылап өскен. Бүгінде ата жолын жалғаған ұрпақ тәрбиелеп, 4 немере, 2 шөбере сүйіп отырған ардақты әке, абзал азамат. Сонымен қатар ол «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің қатысушысы ретінде де танымал.

Сессия барысында ауыл әкімдері атқарылып жатқан және алда жүзеге асатын жұмыстар жөнінде ашық айтып, нақты ұсыныстарын ұсынды. Бұл — жергілікті өзін-өзі басқарудың шынайы көрінісі, халыққа жақын басқару жүйесінің белгісі. Мәслихат сессиясында көтерілген әрбір мәселе — ауданның дамуы, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты үшін маңызды. Ал қабылданған шешімдер – осы жолдағы нақты қадамдар. Халық пен билік арасында сенім көпірін орнататын мұндай ашық әрі мазмұнды кездесулер — өңірдің келешегі үшін аса қажет.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА