Есет батыр тұрғын алабында салынып жатқан Мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Азамат Бекет құрылысты аралап көрді.

Ғимараттың сыртқы құрылысы толығымен аяқталып, ішкі әрлеу жұмысы ғана қалған. Құрылыс барысын көрген қала әкімі ауланы абаттандыруға да ерекше мән беру керектігін ескертті.

— Ғимарат құрылысын бекітілген кестеге сәйкес жүргізіп келесіздер. Бірақ ауласындағы жұмысты да жеделдету керек. Аулаға тротуар, асфальт төсеу, автотұрақ салу, жасыл желекті суару жүйесін орнату жұмыстары толығымен жүзеге асуы қажет. Осының барлығы да сапалы жасалуға тиіс, — деді Азамат Бекет.

Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылы тамызда басталды. Мердігер биыл тамыз айының соңында тапсыруға тиіс.

— Жертөлесі мен кітапханасы бар екі қабатты мәдени орталықта 400 орындық акт залы, киімілгіш бөлмесі және артистерге арналған кабинеттер болады. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және желдеткіштер, сантехника мен электр жүйелерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал сыртқы жұмыстарының басым бөлігі бітіп тұр. Текқабырғаны оқшаулағыш материалдармен қаптау, шатыр жабынын орнату ғана қалды. Инженерлік желілерді тартып үлгердік. Ауданы 1600 шаршы метрден асатын аумақты абаттандыруға кірістік. Бұл жұмыстарға ауланы қоршау, тротуар төсеу, асфальттау, беседкалар орнату, көгалдандыру, жарықтандыру және 40 көлікке арналған автотұрақ орнату кіреді. Біз өз есебімізден 30 көлікке арналған тұрақты аула сыртына қосымша жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Көктемде сирень мен үйеңкі, күзде ағаштар егіледі. Жасыл желектерді суару үшін ұңғыма қазылды, — деді мердігер ұйым «Альтайр СК7» ЖШС учаске басшысы Талғат Досов.