2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы
Мамандығым – мақтанышым
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында аталмыш саланы насихаттау елімізде кеңінен жүзеге асуда. Біздің ауданымызда да адал еңбек етіп, бүгінде сол еңбегінің жемісін көріп жүргендері де қаншама. Солардың бірі – «Алға Жылу» КМК бу қазандығының басшысы Байденов Нұрлан Жұмағалиұлы туралы назарларыңызға ұсынбақпыз.
Бүгінгі кейіпкеріміз 1987 жылы 24 тамыз күні Алға қаласында дүниеге келген. Алға қаласындағы №3 қазақ орта мектебінде 9 сыныпқа дейін білім алып, 2002-2005 жылдар аралығында аудан орталығында орналасқан орта кәсіби техникалық училищесінде «Дәнекерлеуші» мамандығы бойынша оқыған. 2005-2007 жылдары әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, отбасын құрады. Мамандығы бойынша тұрақты жұмысы болмаса да, Нұрлан қол қусырып отырмады. Бойындағы табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында қай жерде қандай жұмыс бар отбасы үшін сол жерден табылуға тырысты. «Халық Банк» мекемесінде күзетші болып жұмыс жасап жүріп 2011-2014 жылдар аралығында Ақтөбе политехникалық колледжінде оқып, «Автомеханик және өндірістік оқыту шебері» мамандығын алып шығады. 2014-2020 жылдары Нұрлан өзі білім алған колледжде өндірістік оқыту шебері ретінде болашақ дәнекерлеушілерге білім берді. Колледжде ұстаз бола жүріп өз уақытын тиімді пайдаланып, Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде «Құрылысшы» мамандығы бойынша сырттай оқып, тәмамдайды. 2020 жылы «Алға Жылу» КМК -на дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасып, өзін жан-жақты көрсете біліп 1 жылдан кейін жылу желісінің шебері болып ауысады. 2023 жылдан бастап аталмыш кәсіпорынның бу қазандығының басшысы қызметін абыроймен атқаруда. Үш мамандықты толықтай меңгеріп, кейіпкеріміз бүгінде еңбек жолында пайдаланып, халыққа қызмет етуде. Нұрлан Жұмағалиұлы биылғы атаулы жыл турасында былай дейді:
« — Президентіміз Қасымжомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанына өте қуаныштымын. Жұмысшы мамандық иелері көп жағдайда еленбей қалып жатады. Елімізде тек заңгер, есепші, мұғалім, инженер секілді мамандықтарды иегере бермей, халыққа ең қажетті мамандықтарды оқитын жастарымыз көбейсе екен деген тілегім бар. Жұмысшы мамандық иелері күнделікті өмірде қарапайым халыққа ең қажетті қызметтерді көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, сұраныстағы мамандықтар. Өз мамандығын қадірлеген жан қашан да жетістікке жетері анық деп ойлаймын. Мен өз мамандығыммен мақтанамын».
Кейіпкеріміздің ата-анасы Байденов Жұмағали Ахметұлы және Байденова Ұлбала Жаукенқызы да жұмысшы мамандық бойынша еңбек етіп, бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер. Өмірлік жары Самал Нұрмағамбетова да «Энергосистема» ЖШС контролер болып жұмыс жасап, халыққа қызмет етуде. Нұрлан бүгінде өзінің өмірде, еңбекте жинақтаған тәжірибесі мол маман, отбасының тірегі, екі баласына үлгі боларлық әкесі, ата-анасының үмітін ақтаған перзент. Жылдар бойы атқарған еңбегі еленіп, әр жылдары қызмет еткен Алға ауданы әкімдерінің атынан, облыстық білім басқармасы және кәсіпорын басшыларының атынан алғыс хаттармен марапатталған.
Жалпы, өмірде адал еңбектен асқан құндылық жоқ. Себебі, адам баласы неғұрлым тынымсыз еңбекке көбірек көңіл бөлсе, халықтың алғысын алуға талпынса, соғұрлым өмірден алар сыйы да таусылар емес.
Марал САНДЫБАЙ