Ізтай Мәмбетов атындағы Алға аудандық балалар кітапханасында ақынның туған күніне орайластырылған әдеби шара өтті. Оған ауданымыздың ардагер ұстаздары, білім және мәдениет қызметкерлері, аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің ұжымы, Ізтайтанушылар, әдебиетті жанына жақын тартқан көзі ашық оқырмандар мен өнерлі оқушылар қатысты. Бенефистің басты кейіпкері – белгілі журналист Шара Елеусіз болды.

Қазақ поэзиясына ширек ғасыр ғана еңбек сіңірген арқалы ақын, алғыр журналист, зиялы азамат Ізтай Тілеуліұлы Мәмбетовтың 95 жылдыға орай ұйымдастырылған «Жақсы сөзін себуге көмейдегі, жақсы адамның қалайды көбейгенін» атты кештің мақсаты Ізтайтанушылардың басын қосып, поэзияға деген сүйіспеншілікті, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық рухты ояту болды. Ауылға біртабан жақын өсіп, барлық құбылыстарды сезіммен қабылдап, оны өз шығармаларына арқау еткен Ізтай ағамыз сияқты Шара апамыз да дүние есігін 1 қаңтар күні ашқан екен. Бәлкім содан болар, Шара апамыз бұл ақжарма ақынның шығармашылығын жанына жақын тартады. Ырғыз елінің тумасы бола тұра саналы ғұмырының 25 жыл уақытын Алғаның өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына сарп еткен республикалық дәрежедегі дербес журналист Шара Елеусізқызын аудан, облыс, тіпті республика таниды. Журналистік қызметінде өмірдің өзін көріп, шындықтың көзін ашып үйренгендігінің арқасында халықтың құрметіне бөленгенін айтпауға болмас. Көзбен көріп, қолмен жасап жүрген қасиетті тірлікті аралай жүріп, журналист апамыз қаламын берік ұштады. Өмірді аралап жүріп, көргенін саралай біліп, ізі суымастай мақалаларын, кітаптарын еліне тарту етті. Шара Елеусізқызының жазған «Имена ставшие памятью», «Біз өткен жол», Ізтай Мәмбетов туралы жазған «Табанталда қалған із» кітаптары алғалықтардың мақтанышына айналды. Көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі, қай басылымның да тізгінін ұстаған бойда Шара апайымыздың редакторлық қолтаңбасы атойлап шыға келеді. Себебі оның өзіндік стилі бар. Өзінің оқырманы бар.

Бенефистің шымылдырығы мыңбұралған биші қыздардың әсем биінен басталды. Сұлу қаракөздеріміздің ырғақты қимылдары қазақтың ұлттық киімінің сәніне сән қосқандай. Шара барысында мектеп оқушылары, студенттер мен мәдениет қызметкерлерінің орындауында ән айтылып, өлең оқылды. Атап айтар болсақ, В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің оқушысы Ақнұр Елемесова, №1 Алға мектеп-бақшасының оқушысы Жазира Абдигалиева мен Ізтай Мәмбетовтың ұрпағы, жиеншары, №4 Алға орта мектебінің оқушысы Рахмон Тимуров ақиық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналған жұртты рухани жігерлендіріп қойды. Сондай-ақ «Балдырған» балабақшасының «Балапан» тобының бүлдіршіндері Есения Буременко мен Глеб Репликов те ақжарма ақынның туындыларын орыс тілінде жатқа оқып берді. Осы тұста бала кезінен әдебиетке баулыған кішкентай балақайлардың ата-аналары мен тәрбиешілері Алмагүл Абибулаева мен Индира Кожмаганбетованың еңбегін айтып кетуіміз орынды. Бүлдіршіндердің өнеріне тәнті болған Ізтай Мәмбетов атындағы аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ақшолпан Изтлеуова Есения мен Глебке естелік сыйлық табыстады.

А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің 2 курс студенті Айдана Айдарғалиқызы Ізтай Мәмбетовтың сөзіне жазылған «Қаракөз» әнін орындап, көрерменнің көзайымына айналды. Сонымен қатар, ақиық ақынның сөзіне жазылған, осы күні ұмыт қалған «Мен туыппын ақпандатқан боранда» өлеңі ауданымызға белгілі әнші Жұбан Айтмағанбетовтың орындауында ерекше әсер қалдырды.

Шара барысында өнер сүйер қауым Ізтай Мәмбетовтың шығармашылығын зерделеп кітап жазған журналист Шара Елеусізқызына жылы лебіздерін білдірді. Кеш соңында Шара Елеусізқызы «Табанталда қалған із» кітабын жазған кезде ақын туралы көптеген жарияланбаған деректерді тапқаны туралы айтып өтіп, келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Ізтай Мәмбетов атындағы аудандық балалар кітапханасына ақынның суреті бейнеленген мүсіншені тарту етті. Шара соңында көпшілік қуанышты көңіл күймен тарасты.

Мадина БОЛАТБЕК