2025 жыл — Жұмысшы мамандықатар жылы

 Бесаспап жігіт

…Жалпы Нұрбергеннің негізгі мамандығы жоғары қуатты тоқпен жұмыс жасайтын электрик, түсінікті тілмен айтсақ,  жұмыс орыны бөренелердің басы.

Алға Мәдениет үйінде 2013 жылдан бері еңбек етеді. О баста өз мамандығы бойынша қызметке тұрғанмен, барлық уақытта маман тапшылығы ерекше білініп тұратын осынау саланың бар шаруасына кірісіп кетеді — мәдениеттің айналасындағы кез келген шарадан қалмайды.

Мәдениеттің балбұлақ бастауы есте жоқ ерте замандардан басталса да, адам мен қоғам өзгерген сайын мәдениет саласына артылар жүктің де салмағы ауырлап, сан саланы қамтитын үлкен құбылысқа айналды. Қазір мәдениет саласы мұражай, кітапхана, тіл, спорт, тіпті саябақтар жұмысын да ұйымдастыратын, жүргізетін үлкен ұйым. Осыған орай, атқарылатын шаруалар да жетіп артыларлық.

Өкініштісі, мәдениет саласының жағдайын аса мақтанарлық деп айта алмаймыз, кадр жетіспеушілігі, материалдық базаның төмендігі көп жағдайда  жұмыс жасауға кедергі келтіретіні жасырын емес. Сондай кезде қолда бар аз да саз кадрдың орны ерекше байқалады.

Нұрберген  Қарамурзин сондай жан жақты кадрдың бірі. «Менің жұмысым техникалық жағы» деп қол қусырып қарап отырмайды: халық театрында роль сомдау, әртүрлі шараларда сахнаны құру, жинау, қажет болса ән айту, бәрінен көрініп жүреді.

Нұрберген көп балалы отбасында дүниеге келген, содан да болар оның бойындағы қарапайымдылық, қагілездік, адамға көмектесу үшін  алаңдап тұратын ақкөңілділік бірден байқалып тұрады.

Қырықтың қырқасына енді шыққан Нұрбергенді әріптестері де, айналасындағы адамдар да ерекше жақсы көріп сыйлайтыны осы бір қасиеттерінен болса керек. Жұбайы Мақпал дәрігер, отбасында үш бала тәрбиелеп отыр.

Қазақта «Мәдениетті болу деген — кісілердің арасында адам болу» деген тәмсіл бар, мәдениет саласының қызметкерлерінен көп жағдайда биік мәдениет күтетініміз рас, алайда, сол биік мәдениет адами қасиеттермен: адамгершілік, қарапайымдылық, адами кісілік сияқты белгілермен өрнектелсе, нағыз мәдениет сонда болмақ. Біздің Нұрберген он саусағынан өнер үзілген, адамдығы аңқып тұратын осындай азамат.

Ел Президенті ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандығы жылы» деп атап-тануында, бір кездері керемет көтерілген қарапайым еңбек адамына деген құрметті қайта жаңғырту деген ізгі ниет жатыр деп ойлаймыз.

Қазіргі орта буын өкілдері жақсы біледі- еңбек адамына деген құрмет ерекше болатын- шопандар тойы, қымызмұрындық, сабантой тәрізді жиындарда осынау қарапайым майданның жауынгерлері әр түрлі сый-сияпат алып, көлік мініп жататын. Кейін қоғам ыдыраған кезде жеке шаруашылықтар құрылды да, қарапайым жұмысшылар нарық деген алпауытқа жұтылып кете барды. Әрине,  өз қарамағындағы адамдарына оң көзбен қарап, еңбегін бағалайтын басшылар бар. бірақ көп емес.

Нұрберген Қарамурзин биыл Мәдениет қызметкерлерінің мерекесінде  мәдениет қызметкерлерінің кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Біз бұл сыйды осы бір бесаспап жігіттің алдағы алар биік марапаттарының басы деп есептедік…

Ш.Нұр