Жылы лебіз қанат бітірер

Соңғы жылдары Алға қаласының көркейіп келе жатқанына ешкім талас тудырмасы анық. Себебі, жасалып жатқан игі істер баршылық. Оны тек жергілікті тұрғындар ғана емес, сонымен бірге көршілес аудан халқы, басқа өңірлерден келген қонақтар да байқап айтуда. Бұл дегеніңіз қаншама жасалған еңбектің жемісі.  Газетіміздің бүгінгі санында қала тұрғындары арасында Алға ауданындағы игі істер, өзекті мәселелер тақырыбында жүргізілген сауалнама кезінде 77 жастағы зейнеткер, Алға қаласының тұрақты тұрғыны қаланың көркеюіне қатысты пікірін білдіріп, тілек тілеген болатын.

Алдияр Құрманалин, зейнеткер:

  • Мен Алға қаласының «Лиман» шағын ауданында туып, өстім. Қаламыздың күннен күнге көркейгеніне өте қуаныштымын. Көптеген нысандар қайта қалыпқа келтіріліп, жұмыстар жасалды. Бүгінгі таңдағы Алға мүлдем басқа деп ауыз толтырып айта аламыз. Әрине, бұл әрбір бастаған ісін байыппен бастап, нәтижесінде халықтың көңілінен шығатындай игі істі жасайтын аудан басшыларының әрекеті деп білеміз. Мен өз басым қаламызды бүгінгідей дәрежеге жеткізген 2021-2024 жылдар аралығындағы Алға ауданының әкімі Ержанов Нұрбол Бақытжанұлына өте ризамын. Оның ауданымызға жасап кеткен игі істерін кез-келген қаламыздың, ауданымыздың тұрғыны жоққа шығармайды. Қазір Алғамыз көркейді, қала ішіндегі көшелер жөнделіп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынып, саябақтар қайта жанданды. Далаға серуенге шыққан сайын көңілге қуаныш ұялайды. «Жас келсе, іске» деп дана халқымыз айтқандай, Нұрбол Бақытжанұлынан соң ауданымызға басшылыққа өзіміздің жерлесіміз, тәжірибелі маман Асланбек Серікұлы келіп ел игілігі жолындағы істерді жалғай түсті. Халқымыз қай заманда болмасын жастарға зор үміт артып отырады. Ауданымыздың, туған қаламыздың жылдан-жылға тек жақсы жағынан дамитындығына зор сенім білдіремін, – деп лебізін білдірді.

P.S: Ауданымызға әр жылдары басшылық еткен басшылардың өзіндік орындары бар, әрине. Атқарылған игі істердің барлығы сол халық үшін. Алға ауданының, оның ішінде орталығы Алға қаласының одан әрі көркейетіндігіне сеніміміз зор. Алға ауданы тек алдыңғы қатарлардан көрінсін!

Марал САНДЫБАЙ