«Абай елі – өнер кеніші»: халық шығармашылығының мерекесі өтті

Бүгін Семей қаласындағы Абай алаңында ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында «Абай елі – өнер кеніші» атты аудан өнерпаздарының облыстық концерті табысты өтті.

Мерекелік шара Абай елі ретінде танылған өңірдің мәдени-рухани әлеуетін паш етіп, аудандық деңгейдегі талантты өнерпаздарға өз өнерін кең ауқымда танытуға мүмкіндік берді. Облыстың әр түкпірінен жиналған өнер ұжымдары ұлттық мәдениеттің үздік үлгілерін сахнаға шығарып, көрерменді рухани бай мұрамен сусындатты.

Концертте дәстүрлі ән мен күй, терме мен би, театрландырылған көріністер мен заманауи өнер туындылары орындалып, көрермен назарына жергілікті мәдениеттің байлығы мен алуан түрлілігі ұсынылды. Шара – өнердің сабақтастығын, халық шығармашылығының өміршеңдігін айқындаған мазмұнды кеш болды.

Айта кетерлігі, маусым айында өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауында жүлдегер атанған үздік ұжымдар осы кештің сәнін кіргізді. Бірінші орынды жеңіп алған Абай ауданының өнерпаздары, сондай-ақ Аягөз бен Үржар аудандарының ұжымдары өздерінің ең жарқын нөмірлерін сахнада қайта жаңғыртты.

«Бұл концерт жарқын мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар халық өнерін қолдау жолындағы маңызды қадам болды. Дәл осындай шаралар арқылы жаңа есімдер ашылып, ұрпақтар арасындағы сабақтастық нығайып, рухани құндылықтар жалғасады деп сенеміз», — деп атап өтті Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасында.

Бұл концерт – ел ішіндегі өнер иелеріне қолдау көрсетіп, өңірлік мәдениетті дамытуға серпін берген маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалды.