Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы
«Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты аудандық байқау өтті
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты аудандық байқау өтті.
Байқау халқымыздың дара тұлғасы, теңдесі жоқ ақыны Абай Құнанбайұлының мәңгі өшпес ұлы мұрасын насихаттап, дәріптеу, жас ұрпақтың бойында ел тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған болатын. Аталмыш байқауға барлығы 9 адам өтініш білдіріп, қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Байқау 4 кезеңнен тұрды:
1.Өзін — өзі таныстыру;
2.Абайдың бір қара сөзін жатқа оқу;
3.Абайдың өмірбаяны мен көзі тірі ұрпақтары туралы мәлімет беру;
4.Абайдың бір әнін орындау;
Қатысушылар адамзаттың ақылманына айналған кемеңгердің өміршең өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып, әсерлі жан тебірентер әндерін нақышына келтіре орындады.
Әдебиет сүйер жастардың өнерін ауданымызға белгілі тұлғалардан құралған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздары анықталып, дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бас жүлде — Сатыбалдина Әлия «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі.
І орын — Жарилкасынова Алтынай «Сафия» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.
ІІ орын — Асмадин Сүйрік, Қарақобда ауылы.
Бердеева Раушан, Ақай ауылы.
ІІІ орын — Саттарқызы Нұршат, Қарақұдық ауылы. Еркебұланова Разия, Тамды ауылы.
Боқан Дәния (Тоқмансай ауылы), Сырбова Анастасия (Болгарка ауылы) Жанисова Айнұр (Қарабұлақ ауылы) ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Абай атамыздың кейінгі ұрпаққа шамшырақ болар бай мұрасы ешқашан өлмейдә, мәңгі жасайды. Дала данышпанының шығармалары осыдан ғасыр бұрын жазылса да оның мәні мен маңызы, тағылымы мен тәлімі әлі күнге дейін өте өзекті. Ол, сонысымен де құнды, баға жетпес қазына.
Марал САНДЫБАЙ